Туысын өлтірген БҚО тұрғыны оның денесін қоқыс шұңқырына көміп, іздеу жұмыстарына қатысқан
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін, 29 қыркүйекте, БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында туысын өлтірді деп айыпталған 26 жастағы ер адамға қатысты үкім оқылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Мой город-қа" сілтеме жасап.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейді.
Сонымен қатар сотталған адамға психотроптық заттар мен алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлі емделу тағайындалды және оған марқұмның отбасына 12 млн теңге көлемінде моральдық зиянды өтеуге міндеттелді.
Айыпталушы мен оның 18 жастағы туысының арасында жанжал туған. Тергеу мәліметінше, ер адам үстел үстіндегі ас үй пышағын алып, жәбірленушіге кемінде 15 рет сұққан: екеуі мойын тұсына, біреуі бетіне, қалған 12-сі кеудесі мен ішіне тиген. Оған қоса, ол жәбірленушінің басына, жақ сүйегі мен қабырғасына жұдырығымен және шынтағымен соққы жасаған.
Алған жарақатынан жас жігіт оқиға орнында көз жұмды. Қылмыс ізін жасыру үшін айыпталушы мәйітті үйдің артына апарып, қоқыс шұңқырына көміп тастаған.
Қылмыстың қатыгездігі сол, кісі өлтіргеннен кейін сотталған адам ұйықтап, таңертең ештеңе болмағандай жүре берген.
Оның үстіне ол туыстарымен бірге марқұмды іздеп, желіде адамның жоғалғаны туралы хабарландыру жариялаған. Қылмыстың беті куәгерлердің арқасында ашылды, олар сол түні жәбірленушінің сотталушымен бірге болғанын айтқан.
Марқұмның анасы үкімді тым жұмсақ деп санайтынын мәлімдеді.
"Ол менің ұлымды қатыгездікпен өлтірді. Бейбарыс небәрі 18 жаста еді. Ол қатаң жазаға, кем дегенде 20 жыл түрмеге лайық. Ол ұлымды өлтіріп қана қоймай, мәйітті жасырды, сосын біздің үйге келіп, бір дастарқан басында отырды. Біз ұлымызды 8 күн бойы іздедік. Осы уақыт ішінде денесі шіри бастаған. Біз онымен қоштаса да алмадық", - деді әйел.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған тараптар шағымдануы мүмкін.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2435293-tuysyn-oltirgen-bqo-turgyny-onyng-denesin-qoqys-shungqyryna-komip-izdeu-zhumystaryna-qatysqan/
