"Азаматтарға арналған үкімет" Астанада жүргізуші куәлігін заңсыз беру ісі бойынша мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Астанада прокурорлар "Азаматтарға арналған үкімет" қызметкерлері жүргізуші куәлігін заңсыз берді деген күдікке ілінгенін мәлімдеген еді. Бұған қатысты мемлекеттік корпорация түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірнеше күн бұрын Астана прокуратурасы елордадағы мамандандырылған ХҚКО-да болжамды ұйымдасқан қылмыстық топ анықталғанын, оның мүшелері жүргізуші куәлігін заңсыз берді деген күдікке ілінгенін хабарлаған. 2025 жылы осы алаяқтық схема арқылы 74 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алғаны атап өтілді.
Прокурорлардың мәлімдемесіне қатысты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі жауап қайтарды. Олар жарияланымда көрсетілген барлық фактіні мемлекеттік корпорация өзі анықтап, тиісті материалдарды құқық қорғау органдарына өзі жолдағанын хабарлады.
"Осы материалдардың негізінде қылмыстық істер қозғалды. Сондай-ақ тергеу барысында мемлекеттік корпорация барынша қажетті көмек көрсетті. Айта кетейік, биыл наурызда мемлекеттік корпорация аталған фактілер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жайлы және тиісті материалдарды құқық қорғау органдарына бергені туралы хабардар еткен еді.
Жарияланымда көрсетілген мән-жайлар мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жекелеген процестерінде осал тұстар болған уақытта, яғни өткен кезеңдерге қатысты екенін атап өткен жөн. Кейінгі жылдары мемлекеттік корпорация осы олқылықтарды жою бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп, қызмет көрсету рәсімдерін жетілдірді, ішкі бақылауды күшейтті және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған шаралар қабылдады", - делінген хабарламада.
Мемлекеттік корпорация мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде жыл сайын анықталатын заңбұзушылықтар санының азайып жатқаны байқалады. Мәселен 2026 жылдың 10 айында мемлекеттік корпорация өз күшімен барлық бағыттар бойынша жалпы саны 1 055 заңбұзушылық анықтады. Ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2 602 болған. Осылайша заңбұзушылықтар саны 59,5 пайызға төмендеген.
Профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – қызметкерлердің құқықтық сауаттылығы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыру. 2026 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа және өзге де құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында 336 семинар өтті. Оның ішінде 306 семинар ішкі форматта, ал 30 семинар құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Мемлекеттік корпорация сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады және ашықтықты арттыру арқылы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу тетіктерін нығайту арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін одан әрі жетілдіруді жалғастырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2447780-azamattarga-arnalgan-ukimet-astanada-zhurgizushi-kualigin-zangsyz-beru-isi-boiynsha-malimdeme-zhasady/