"Қуырылған жұмыртқа жеген": Ташкентте уланған ондаған жас футболшының ата-анасы дабыл қақты
Жарияланған күні:

Ташкент қаласына жарысқа барған жас футболшы балалар ауруханадан бір-ақ шықты. Тіпті төртеуі жансақтау бөліміне түскен. Бұл туралы оқушылардың ата-аналары айтты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Олар Қарағандыдан көрші елге Футзалдан халықаралық жарысқа барған. Әзірге балалардың қонақүйде астан уланғаны белгілі, бірақ нақты неден ұшынғандарын сараптама анықтайды. Бірақ екі күннен бері оның қорытындысы әлі шықпапты.
"Ең қорқыныштысы — әлі күнге дейін талдау нәтижесі жоқ. ПТР-тестті кеше кешке алды. Нәтижесі небәрі 12 сағатта дайын болады деп уәде берген. Таңертең балаларды Астанаға ұшақпен жеткізіп, жолға бар болғаны бес сағат жұмсалатынын айтқан. Қазір билет жоқ екені белгілі болды. Бүгінге де, ертеңге де билет жоқ", - дейді ата-аналардың бірі Ольга Лазына.
Оқиға 31 қазан күні таңертең болған. Өзбекстанға жарысқа келген 8-9 жастағы жас спортшылар таңғы астан соң жаппай ауыра бастапты. Ата-аналардың айтуынша, балалар қуырылған жұмыртқа жеген. Содан бірінен соң бірі өзін жайсыз сезініпті.
Қазір ауруханада үш командадан барған 17 бала жатыр, барлығының жүрегі айнып, құсып, іші өтіп жатыр. Қарағандылық ата-аналар науқас балаларына тезірек жету үшін билет іздеп, оларды елге қайтарудың жолын қарастырып жатыр. Бірақ жақын уақытқа ұшаққа билет табылар емес.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі жағдайды "бақылауда ұстап отырмыз", дейді.
"Көмекке мұқтаж барлық Қазақстан азаматтары Өзбекстан Республикасының мамандандырылған медициналық мекемелеріне жатқызылды, оларға қажет дәрігерлік көмек көрсетілуде. Қазақстандық дипломаттар отандастарымыздың туыстарымен және медициналық мекемелермен байланыс орнатып, аталған мәселені тұрақты бақылауда ұстап отыр", - делінген ҚР СІМ хабарламасында.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2451024-tashkentte-ulangan-17-balanyng-ata-anasy-dabyl-qaqty/