Жер сілкінісі кезінде ғимаратта қалып қойған адам қалай қорғану керек: ТЖ вице-министрі жауап берді
Опубликовано:
Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жер сілкінісі кезінде ғимаратта қалып қойған жағдайда қайда жасырыну керектігін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Вице-министрдің сөзінше, жер сілкінісі болған жағдайда тұрғын үй ғимараттарындағы ең қауіпсіз жер – үйді тіреп тұрған қабырға.
"Мысалы, баспалдақтарға қарай жүгірудің қажеті жоқ. Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жою кезінде біз баспалдақтардың бойы ең қауіпті жер екенін байқадық. Өлім-жітімнің көбі осы баспалдақтардың бойында болған.
Сондықтан мүмкіндігінше үйде болғаныңыз жөн. Қорғану үшін үйдегі тірек қабырғалардың маңында жасырыныңыз. Себебі ғимарат құлаған жағдайда, конструкциялар астындағы қуыста аман қалу мүмкіндігі бар", – дейді Ибрагим Күлшімбаев.
Сонымен қатар ТЖ вице-министрі Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісі болған жағдайда қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керектігі туралы тұрғындарға үнемі айтып отыратынын атап өтті.
Оның сөзінше, оқу-жаттығулар, сейсмикалық жаттығулар Алматыдағы мектептерде және басқа да нысандарда ай сайын өткізіледі.
Еске салсақ, бұған дейін Ибрагим Күлшімбаев Алматыдағы қай аудан сейсмикалық тұрғыдан барынша қауіпсіз екенін айтқан еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2010577-zer-silkinisi-kezinde-gimaratta-qalyp-qoigan-adam-qalai-qorganu-kerek-tz-vice-ministri-zauap-berdi/