Оқыс оқиға

Зектілері

"Біреудің үстіне құлағанын күтіп отыр": Шымкентте шайқалып тұрған аялдама желі қолданушыларын шошытты

Жарияланған күні:

аялдама
Құлағалы тұрған аялдама. Фото: instagram.com/mamochki_shymkenta/

Желіде шайқалып тұрған аялдамада отырған балалардың видеосы жарияланды. Құлауға шақ тұрған аялдама еліміздің үшінші мегаполисіндегі № 89 мектеп-лицейі маңында орналасқан. Шымкент тұрғындарына қауіп төндіріп тұрған аялдаманы жауаптылар үш күн ішінде жаңалайтынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желіде шайқалып тұрған аялдаманың видеосы тарады. Бейнежазба Шымкент қаласы Асар шағын ауданында түсірілген. Құлауға шақ тұрған аялдама № 89 мектеп-лицейінің маңында орналасқан. Әлеуметтік желіде тараған видеодан оқушылардың қозғалып тұрған аялдамада жайбарақат отырғанын байқаймыз. Тіпті кейбірі оның шайқалғанын қызық көріп ары бері қозғалтып қояды. Желі қолданушылары балаларды басып қалмағанына шүкір десіп, әкімдікке деген наразылығын білдіріп жатыр.

"Қорқынышты ғой мынау, басына құласа қайтеді?", "Қимылдаса да корықпайды балалар", "Біреудің үстіне құлағанын күтіп отыр әкімдік", "Мәселе аялдаманың құрылымына байланысты болып тұр. Егер құласа масқара болады. Салмағы 5 кг емес қой, онда көбінесе балалар тұрады. Ауыр жарақат алуы мүмкін", - деп жазады желі қолданушылары.

Ешқандай желсіз-ақ "ұшып" кеткелі тұрған аялдама туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі жауапты мекеме Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарлады. Басқарманың баспасөз хатшысы Алтынай Бейбітқызы қирағалы тұрған аялдама үш күн ішінде жаңартылатынын жеткізді.

"Аталған мекенжайдағы аялдама павильонына бүгін демонтаждау жұмыстары жүргізіледі. Үш күн ішінде жаңа аялдама павильоны орнатылады", - деді әкімдік өкілі.

Жергілікті билік өкілдері қазіргі таңда қаладағы ескі аялдамаларды жаңалау жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр деп сендірді. Жоспарға сәйкес, 898 жаңа павильон орнатылады.

Автор: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2175806-bireuding-ustine-qulaganyn-kutip-otyr-shymkentte-shaiqalyp-turgan-aialdama-zheli-qoldanushylaryn-shoshytty/