"Балалар ес-түссіз, анасы ауыр күйде жатқан": Шымкентте cлесарь бір отбасын құтқарып қалған
Жарияланған күні:

Шымкентте Ермахан Манқараев есімді слесарь бір отбасын өлімнен аман алып қалған. Оны қала әкімі Ғабит Сыздықбеков марапаттады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қала әкімдігінің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ермахан Манқараев 14 қазанда көршісінің өтінішімен пәтердегі газ жабдықтарын тексеру кезінде көміртегі тотығының жоғары деңгейін анықтап, шұғыл әрекет еткен.
"Есікті қосалқы кілттермен ашқанда балалар ес-түссіз, ал анасы ауыр күйде жатқан. Ермахан Манқараев көміртегі тотығы деңгейін тексергеннен кейін құрылғыларды бірден ажыратып, терезелерді ашып, балаларды құтқара бастаған. Тынысы жоғалған ұлдарға жансақтау әрекеттерін, жанама жүрек массажын жасағанда олардың дем ала бастағаны байқалған", - делінген әкімдік хабарламасында.
Оқиға орнына шұғыл жеткен дәрігерлердің айтуынша, слесардың сауатты әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдай болған жоқ. Отбасы ауруханаға көміртегі тотығымен ауыр уланумен түсті. Шымкентке Астанадан қонаққа келген тұрғындар көмектескендердің бәріне алғыс айтты.
Пәтердегі қауіптің көзі – қарапайым газ бағанасы болған, мұржасы қоқысқа толы болған. Әкімдік тұрғындарға қайғылы жағдайдың алдын алу үшін газ жабдықтары мен түтін мұржаларын үнемі тексеріп отыру керектігін ескертеді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімдігі жанында газтехникалық инспекция жұмыс істейді, оның міндеттеріне газ жабдығының жай-күйін тексеру және көміртегі тотығымен уланудың алдын алу кіреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2177307-balalar-es-tussiz-anasy-auyr-kuide-zhatqan-shymkentte-clesar-bir-otbasyn-qutqaryp-qalgan/