Оқыс оқиға

Зектілері

Шымкентте екі қабатты үйдің жылу құбыры жарылып, пәтерлерді су басқан (видео)

Жарияланған күні:

Пәтер іші
Пәтер іші. Фото: Otyrar.kz

Шымкентте екіқабатты үйдің жылу құбыры жарылып, тұрғындардың мүлкі бүлінген. Енді алты пәтерге жөндеу жұмыстары қажет, деп хабарлайды Otyrar.kz басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Пәтерлердің бірінің иесі Елена Червинская жақында ғана үйіне жөндеу жұмыстарын жасаған. Тіпті, несиесін төлеп те үлгермепті.

"Мен таксимен келіп, қатты қорқып кеттім әрі жыладым. Енді бұл пәтерде тұру мүмкін емес, жарық та жоқ", - дейді тұрғын.

Екі қабатты үйде барлығы 6 пәтерге зақым келген. Тұрғындар біраз уақыт бойы суды тоқтата алмағандарын айтты.

"Жылу құбырын жабатын тетік істемейді, үйдің артындағы жылу трассасына барып, жабуға тырыстық. Ол жақтағы да жұмыс істемей тұр", - дейді тұрғындардың бірі Николай Колесников.

Тұрғындардың айтуынша, бұл үй 2017 жылы модернизациялау бағдарламасы бойынша жөндеуден өтіп, үй ішіндегі жылыту жүйесі ауыстырылған. Бірақ енді мердігермен байланысқа шығу мүмкін емес. Өйткені көп жылдан соң келісімшарт жоғалып кетіпті. Әкімдік өкілдері пәтерлерге жылу уақытында берілуі үшін құбырларды жөндеуге, сондай-ақ жұмысты кім және қалай қабылдағанын анықтауға уәде беріп отыр.

"Біз қазір смета ашамыз, қандай жұмыстар жасалғанын көреміз. Тапсырыс беруші "Тұрғын үй", Шымкент тұрғын үй басқармасы. Олар мән-жайды анықтауы үшін хат жібереміз", - дейді Тұран ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол.

Пәтер иелері шығындары өтеледі деп үміттеніп отыр. Әкімдік өкілдері көппәтерлі үйлердің тұрғындары үйішілік коммуникацияларға қызмет көрсететін сервистік ұйым табуы керек екенін тағы да еске салды. Себебі үйдің ішкі бөлігі, соның ішінде инженерлік желілер тұрғындардың жауапкершілігінде екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2177978-shymkentte-eki-qabatty-uiding-zhylu-qubyry-zharylyp-paterlerdi-su-basqan-video/