Оқыс оқиға

Зектілері

"Бірдеңе жарылды ма деп қалдық": Қарағанды облысында дүлей дауыл шатырларды ұшырып әкетті

Жарияланған күні:

Қарағанды облысындағы шатыры ұшып кеткен ғимарат
Қарағанды облысындағы шатыры ұшып кеткен ғимарат. Сюжеттен кадр: КТК

Қарағанды облысында дүлей дауыл шатырларды ұшырып, ағаштарды құлатты. Электр желілерін де зақымдап, облыс орталығындағы 10 шақты көше жарықсыз қалды. Өңірдің кей аумағында төтенше жағдай тіркелді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ведомство мәліметінше, арнайы бригадалар қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Күндіз де боран қарқыны басылмаған

Қарағанды облысында 7-қарашаға қараған түннен бастап дүлей дауыл соққан. Өңірде тоғыз жерде дауыл ғимараттардың шатырын жұлып әкетті. Аулада ағаштар құлап, көліктерді басып қалды. Электр желілері үзіліп, қала орталығындағы жеті көше бойындағы жүздеген көпқабатты үй мен 43 мекеме жарықсыз қалды.

Оларға біртіндеп жарық берілді. Ал көктайғаққа айналған Қарағанды – Астана жол түні бойына жабылды. Күндіз полицияның жол бастауымен ұзын-сонар керуен аяңдап жылжыды. Жағдай түзелмесе, жол түнде қайта жабылуы мүмкін.

Қарағандыда мектеп оқушылары қашықтан оқыды. Ғимарат шатыры ұшып кетті. Қатты жел жабынды тұрақтағы көлікті зақымдаған.

"Зәреміз ұшты. Қару-жарақ сататын дүкенде істейтіндіктен, бірдеңе жарылды ма деп қалдық. Сасқанымыздан отырған жерімізден қозғала алмай қалыппыз. Кейін білсек, шатырымыз жұлыныпты. Біздің қызметкердің көлігін зақымдаған. Қайта ары-бері жүрген адамдардың үстіне түспеген", - дейді тұрғын Ольга Погромская.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2184711-birdenge-zharyldy-ma-dep-qaldyq-qaragandy-oblysynyng-kei-aumagynda-totenshe-zhagdai-zhariialandy/