"Көз жасын тыя алмады": Ақтаудағы әуе апатында бір-бірінен көз жазып қалған ерлі-зайыпты табысты (видео)
Опубликовано:

Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған Нұролла Сираджов ауруханаға жеткізілген жұбайы Муслимат Сираджовамен қауышты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Yeni klinika медициналық мекемесінің баспасөз хатшысы Нұрида Аллахярованың Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Yeni klinika медициналық мекемесінің баспасөз хатшысы Нұрида Аллахярова бұл қуанышты жаңалықты Facebook әлеуметтік желісінде хабарлап, видео жариялады.
Видеодан Нұролла Сираджовтың бір күн бұрын клиникаға жеткізілген жұбайына барған сәтін көруге болады. Палатаның босағасында тұрып, ол әйеліне қарап көзіне жас алған.
"Ережені бұзып, ғашықтарды мереке кезінде кездестіруге тура келді. Нұролла ағай мен оның әйелі туралы бәрінен сұраған зардап шеккен азамат естеріңізде болар. Кешкі уақытта Муслимат апай Ақтаудан емханаға жеткізілді. Осындай көрініске куә болдық", - деп жазды медициналық мекемесінің баспасөз хатшысы.
Еске салайық, Сираджовтар отбасы 25 желтоқсанда Бакудан Грозныйға ұшатын рейс кезінде ұшақта болған.
Нұролла Сираджов апат кезінде жұбайы Муслимат қасында отырғанын, бірақ есін жиғанда оны таппай қалғанын айтқан болатын. Алғашқыда әйелдің апатта қаза болғаны туралы ақпарат тараған. Бірақ кейін оның аты тірі қалғандар тізімінен табылды. Ол Қазақстанда емделіп, 30 желтоқсанда Yeni Klinika ауруханасына жеткізілген.
Айта кетейік, бұған дейін әуе апатынан зардап шеккен Әзербайжан тұрғындары Қазақстанда оларға қалай қамқорлық жасалғаны туралы айтып берген болатын.
- Ақтаудағы ұшақ апаты: зардап шеккен екі қырғызстандық ауруханадан шығарылды
- Ақтау маңында ұшақ апаты: Көлік министрлігі "қара жәшіктерге" қатысты мәлімдеме жасады
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2209728-aqtaudagy-aue-apatynda-bir-birinen-koz-zhazyp-qalgan-erli-zaiypty-tabysty/