"Туды түсіріп алып шықтым": өрт сөндірушілер ҚБТУ ғимаратындағы жалынды қалай ауыздықтағанын айтып берді
Жарияланған күні:

Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университетінен шыққан өрттің себебі әлі анықталып жатыр. Мамандардың айтуынша, алдымен ғимараттың төбесінен қою түтін шығып, артынша төртінші және бесінші қабаттары отқа оранған деп хабарлайды КТК арнасы.
Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Студенттер қысқы демалыста болғанымен, 20 қаңтарға дейін онлайн оқуға жіберілді. 35 жыл бұрын Қазақстанның Тәуелсіздік туралы декларациясы қабылданған тарихи ғимараттың қазіргі жағдайын КТК тілшісі көріп қайтты.
Сенбі түнгі сағат 10-ға таман шатырдан будақтаған түтін көрінген. Мамандар қызыл жалын ошағын жан-жақтан қоршап әрекет етті. Дәл сол жерде жедел штаб құрылып, жағдай бірден бақылауға алынды. Басты мақсат — оттың жайылып кетпеуіне жол бермеу. Десе де жалынды оқшаулау мамандарға оңайға соқпаған. Өйткені ғимараттың шатыры толығымен ағаштан жасалған екен. Төтеншеліктер будақтаған қара түтін мен қызыл жалынды үш сағаттан кейін ғана толық сөндірген.
"Өрттің нақты шыққан жері қазір белгісіз. Мамандар оны зерттеп жатыр. Нақты жанған жері вентиляция шахтасы және сол арқылы шатырға тарап кетті. Рациядан, жедел штабтан бұйрық түсті. Туды сақтауды қамтамасыз ету туралы. Сол кезде мен жоғарғы қабатқа көтерілдім. Туды түсіріп алып шықтым. 12-өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі көмектесті. Екеуіміз сол туды түсірдік. Бірақ мен өзім алып шықтым", - дейді Алматы өрт сөндіру басқармасының бас маманы Камил Магамедов.
Университеттің өрттен қорғау жүйелері бірден іске қосылған. Төтеншеліктердің мәліметінше, ғимараттың 120 шаршы метрі күлге айналған.
"Қазір құзырлы органдармен бірлесіп оқиғаның себептері анықталып жатыр. Қазақстан-Британ техникалық университеті студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараланы қабылдайды. Ғимараттың өртке қарсы қорғаныс жүйелері дер кезінде әрекет етіп, өрттің таралуына жол бермеді. Оқыс оқиғаға байланысты оқу 20 қаңтарға дейін уақытша онлайн форматқа көшірілді", - дейді Қазақстан-Британ техникалық университетінің баспасөз қызметіндегілер.
Негізінен мұнайгаз және энергетика саласының инженерлерін даярлайтын элиталы білім ошағының студенттері қазір қысқы демалыста. Оқу тек 20 қаңтарда онлайн басталуы мүмкін.
Университет іргетасы 1938 жылы қаланып, 57 жылға қарай құрылысы аяқталған. Кеңес заманында үкімет орналасқан ғимаратта еліміздің Тәуелсіздік туралы декларациясы қабылданып, егемендігіміз жарияланған.
Дереккөз: КТК арнасы
Еске салсақ, 12 қаңтарға қараған түні Қазақстан-Британ техникалық университеті ғимаратының 4-қабатында өрт шығып, оны сөндіруге 78 маман жұмылдырылған болатын.
Кейін ҚБТУ студенттері онлайн оқыту форматына көшірілгені белгілі болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2211273-tudy-tusirip-alyp-shyqtym-ort-sondirushiler-qbtu-gimaratyndagy-zhalyndy-qalai-auyzdyqtaganyn-aityp-berdi/