Оқыс оқиға

Зектілері

Әскери оқу орнының курсанты Риддерде өртке оранған пәтерден ер адамды аман алып шықты

Жарияланған күні:

курсант
Курсантты марапаттау сәті. Фото: Қорғаныс министрлігінің ресми сайты

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында демалыста болған Ресей әскери-әуе академиясының курсанты Әсет Сәкенов өрт кезінде адам өмірін құтқарып қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, қаңтардың басында қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде бесінші қабаттағы пәтерден өрт шыққан. Үйдің балконынан түтінді байқаған Әсет құтқару қызметіне қоңырау шалып, өзі сол жерге жүгіре жөнелген.

Бесінші қабатқа көтерілген ол өртеніп жатқан пәтерді тауып, есікті ашқан.

"Түтіннің кесірінен ештеңе көрінбеді. Ішке тізерлеп енген Әсет бөлмелердің бірінен ер адамның сұлбасын байқады. Алғашында ол ауа жетіспей, көзі ашығандықтан әлгі адамға жете алмады. Сыртқа шығып, көршілерден қолшам алып, қайтадан жанып жатқан пәтерге кірді. Сөйтіп ол ер адамды сыртқа алып шықты", - делінген хабарламада.

Өз өмірін қатерге тіккен ержүрек жастың кім екені екі күннен кейін белгіліі болған. Ол – Риддер тумасы, профессор Н. Е. Жуковский және Ю. А. Гагарин атындағы әскери-әуе академиясының бесінші курс курсанты (Воронеж қ.) Әсет Сәкенов болып шықты.

Воронежге жүрер алдында Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары майор Жасұлан Сәтбалдиев оны Алғыс хатпен марапаттады. Ал жергілікті әкімдік Әсеттің анасына теледидар, ал батырдың өзіне алғыс хат табыс етті.

 "Әсет – нағыз қаһарман. Ол еш ойланбастан өз өмірін қатерге тігіп, жалын ішінде қалған адамды құтқарып қалуға асықты. Бұл нағыз ержүректік пен адамгершіліктің көрінісі", - деді Жасұлан Сәтбалдиев.

Сондай-ақ департамент өкілі жарты жылдан кейін курсант лейтенант атағын алатынын атап өтті. Оқуды аяқтағаннан кейін Әсет Сәкенов ұшқышсыз ұшу кешендерін қолдану және пайдалану жөніндегі маман ретінде қазақстан армиясында қызметін жалғастырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2211926-askeri-oqu-ornynyng-kursanty-ridderde-ortke-orangan-paterden-er-adamdy-aman-alyp-shyqty/