Оқыс оқиға

Зектілері

Ресейде Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты тексеру мен сараптамалар тағайындалды

Жарияланған күні:

Ақтаудағы ұшақ апаты
Ақтаудағы ұшақ апаты. Фото: facebook.com/azamat.sarsenbaev

Ресейдің Тергеу комитеті Ақтау маңындағы ұшақ апатының себептерін анықтау үшін кешенді тексеру және авиациялық-техникалық сараптама жүргізуді тапсырды. Бұл туралы РФ Тергеу комитетінің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомство Әзербайжан ұшағының Қазақстан аумағында құлауына қатысты қылмыстық іс тергелу үстінде екенін хабарлады. Іс Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 263-бабы – теміржол, әуе, теңіз және ішкі су көлігі мен метрополитенді пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша жүргізіліп жатыр.

Тергеу Әзербайжан мен Қазақстанның құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасап жатқаны, ал Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (SENIPA) түскен қара жәшіктің мәліметтерін зерттеп жатқаны атап өтілді.

"Грозный, Махачкала және Минеральные Воды диспетчерлері мен әуе кемесі командирінің арасындағы әңгімелерге талдау жүргізіліп жатыр. Техникалық-авиациялық сараптама тағайындалды.Ұшақтың барлық жүйесінің жай-күйі, сондай-ақ заттай дәлелдемелер зерттеліп жатыр.

Диспетчер қызметі, әуе қозғалысын басқару жүйесі және әуе шабуылына қарсы қорғаныс органдары лауазымды тұлғаларының әрекетін бағалау үшін кешенді ұйымдастыру-техникалық сот сараптамасы комиссиясы тағайындалды", - делінген хабарламада.

Тергеу комитетіндегілер тергеу қайғылы жағдайдың барлық ықтимал себептерін зерттеп жатқанын айтқан.

Ақтау маңындағы ұшақ апаты

Есткріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясына тиесілі ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.

Бортта Әзербайжанның 42-і, Ресейдің 16-ы, Қазақстанның алты, Қырғызстан үш азаматы болған.

Ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты. Олардың үшеуі – экипаж мүшесі. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.

АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.

Әзербайжан астанасында аза тұту күні жарияланды.

26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.

Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасады. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін жеткізді.

Бұдан бөлек, Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев ұшақ апатынан қаза болған марқұмдардың отбасымен кездесу кезінде әділдікті, сондай-ақ кінәлілерді жазалауды талап ететіндерін мәлімдеді.

Ал Қазақстан Azerbaijan airlines ұшағының борттық өздігінен жазғыш деректерін (қара жәшіктері) Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2212109-reseide-aqtau-mangyndagy-ushaq-apatyna-qatysty-tekseru-men-saraptamalar-tagaiyndaldy/