Оқыс оқиға

Зектілері

Хьюстон әуежайында ұшақ көкке көтерілмек болған сәтте өртке оранды (видео)

Жарияланған күні:

Читать на русском
Ұшақ
Ұшақ. Көрнекі сурет: pixabay.com

United Airlines әуе компаниясының Airbus A319 ұшағы Хьюстондағы Джордж Буш атындағы әуежайдан ұшып шықпақ болған кезде өртке оранды, деп хабарлайды Fox 26 арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

АҚШ азаматтық авиациясы федералдық басқармасы телеарнаға ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2 ақпанда таңертең Нью-Йоркке бет алған United Airlines 1382 рейсінің экипажы қозғалтқышта ақау туындауына байланысты ұшуды тоқтатқанын хабарлады.

Ұшақтағы жолаушылар ұшақ қанатының өртеніп жатқан сәтінен видеоларды журналистермен бөлісті. Бейнежазбада бортсеріктің жолаушыларды өз орындарында қалуын сұрағаны естіледі.

"Жоқ, ол (ұшақ – ред. ескертпесі) өртеніп жатыр", – дейді видеода жолаушылардың бірі.

Ақыры жолаушылар ұшақтан баспалдақ пен апаттық трап арқылы шығарылды.

Басылым мәліметінше, өрт кезінде бортта 109 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Қазір АҚШ азаматтық авиациясы федералдық басқармасы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, өрттің шығу себебі әзірге жарияланған жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ-тың Филадельфия қаласында бортында алты адамы бар медициналық ұшақ сауда орталығының маңында апатқа ұшыраған еді.

Ұшаққа иелік ететін Jet Rescue жедел жәрдем қызметі апат кезінде бортта төрт экипаж мүшесі, сондай-ақ бір бала мен оған жауапты бір адам болғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Вашингтон маңында да ұшақ апатқа ұшырап, бортында болған спортшылар мен жаттықтырушылар қаза тапқанын жазған едік. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Трампқа, қаза болғандардың отбасына және осы қайғылы оқиғадан зардап шеккендерге көңіл айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2217386-hiuston-auezhaiynda-ushaq-kokke-koterilmek-bolgan-satte-ortke-orandy-video/