Спорт

Зектілері

АҚШ-та апатқа ұшыраған ұшақта спортшылар мен жаттықтырушылар болған

Жарияланған күні:

Читать на русском
Өрт сөндіру көлігі
Өрт сөндіру көлігі. Көрнекі фото: pixabay.com

Вашингтон маңында апатқа ұшыраған ұшақтың бортында спортшылар мен жаттықтырушылар болған, деп хабарлайды NBC News АҚШ мәнерлеп сырғанау қауымдастығының (US Figure Skating) мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Аmerican Airlines жолаушылар ұшағы Вашингтон әуежайының маңында әскери тікұшақпен соқтығысып, Потомак өзеніне құлаған еді. Ұшақ мәнерлеп сырғанаудан АҚШ чемпионаты өткен Канзас штатының Уичито қаласынан астанаға бет алған.

US Figure Skating қауымдастығы өкілдері "мәнерлеп сырғанау қауымдастығының бірнеше мүшесі" апатқа ұшырағанын растады.

"Спортшылар, жаттықтырушылар және олардың отбасы Уичитодағы мәнерлеп сырғанаудан АҚШ чемпионатына орайластырылған Ұлттық даму лагерінен үйіне қайтып бара жатқан. Бұл қайғылы оқиға біздің қабырғамызды қайыстырды, құрбан болғандардың отбасына көңіл айтамыз, оларды жүрегімізде сақтаймыз. Жағдайды бақылауда ұстаймыз және ақпарат түскен бойда қосымша жариялаймыз", - делінген хабарламада.

Бұған дейін БАҚ ұшақ бортында Ресей құрамасының конькимен сырғанаудан 1994 жылғы әлем чемпиондары, АҚШ-та жаттықтырушы болып жұмыс істейтін Евгения Шишкова мен Владимир Наумов болғанын хабарлаған болатын. Бұл ақпаратты РИА Новости Спорт, ТАСС және Sports.ru өз ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Сондай-ақ ТАСС агенттігі ұшақ апатына Кеңес одағының мәнерлеп сырғанаушысы Инна Волянская ұшырағанын хабарлады. Ол да АҚШ-та жаттықтырушы болып жұмыс істейтін.

Әзірге қаза тапқандар туралы ресми ақпарат жоқ. Ұшақ құлаған өзенде іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. NBC News іздестіру-құтқару жұмысы күрделі ауа райы жағдайында өтіп жатқанын хабарлады.

Ұшақ апатынан кемінде 18 адам қаза тапқаны белгілі. Ұшақ бортында 64 адам, ал тікұшақта үш әскери қызметкер болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2216657-aqsh-ta-apatqa-ushyragan-ushaqta-sportshylar-men-zhattyqtyrushylar-bolgan/