Оқыс оқиға

Зектілері

Ақтау маңындағы ұшақ апаты: көлік министрі алдын ала есеп қашан жарияланатынын айтты

Жарияланған күні:

Читать на русском
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағы апатқа ұшыраған жер
Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағы апатқа ұшыраған жер. Фото: Issa Tazhenbayev / Anadolu via Getty Images

Көлік министрі үкімет үйінде өткен брифингте Ақтау маңында AZAL бортының апатқа ұшырауына қатысты тергеудің алдын ала қорытындысы қашан жарияланатынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, мамандар тыңғылықты жұмыс істеп жатыр.

"Біз бұған дейін Әзербайжан Республикасынан, Ресей Федерациясынан, өндіруші ел ретінде Бразилиядан, ИКАО-дан халықаралық мамандар тартылғанын айттық. Олардың барлығы бірігіп жұмыс істеп жатыр, бұл іс (ред. ескертпесі – тергеу) соңғы кезеңде. Алдын ала есеп алдағы күндері біздің сайтта ресми түрде жарияланады деп күтіп отырмыз", - деді ол.

Алайда министр нақты бір күнді атамады.

"Мамандарға жұмысты аяқтау үшін уақыт керек. Бұл көп еңбекті талап ететін жұмыс. Қазір қорытынды жарияланбай тұрып, қосымша түсінік бере алмаймыз. Бірақ таяу күндері шығады деп уәде беремін. Мен оны шолып шықтым. Комиссия менің басшылығыммен жұмыс істеп жатыр", - деді Қарабаев.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.

Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.

Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.

Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.

26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.

Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.

28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырауының бірқатар себебін атады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2217800-kolik-ministrligi-aqtau-mangyndagy-ushaq-apatyna-qatysty-aldyn-ala-esep-qashan-zhariialanatynyn-aitty/