Оқыс оқиға

Зектілері

Аляскада шағын жолаушылар ұшағы радардан жоғалды

Жарияланған күні:

Читать на русском
ұшақ
Ұшақ. Көрнекі фото: pixabay.com

Бортында 10 адамы бар Bering Air ұшағы Аляскадағы Ном қаласына қонуға жоспарланған уақыттан бірнеше минут бұрын радардан жоғалып кетті. Радиобайланыс үзілді. Іздеу жұмыстары жүріп жатыр.

The New York Times газетінің хабарлауынша, Bering Air ұшағы Аляскадағы Уналаклит қаласынан жергілікті уақыт бойынша сағат 14:40-та көтерілген. Бұл туралы басылымға әуе компанияның операциялық директоры Дэвид Олсон мәлім еткен.

Борт сағат 15:20 шамасында, Ном қаласына келуге 10 минут қалғанда радардан жоғалып, әуе қозғалысын басқару және әуе компаниясымен радиобайланысын үзген.

Ұшақта ұшқыш пен тоғыз жолаушы болған.

Ном қаласының ерікті өрт сөндіру қызметінің Facebook желісіндегі мәліметінше, іздеу бригадалары мен жағалау күзеті, Ұлттық гвардия және әуе күштерінің ұшақтары іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, бірақ ауа райының нашар болуынан ұшақты іздеу қиынға соғып жатыр.

Ном қаласының полиция басқармасы Facebook желісінде іздеу жұмыстарына қайығы бар азаматтар керек деген жазба жариялады. Кейін полиция жеткілікті мөлшерде қайық тапқанын айтып, қолдау көрсеткендерге алғыс білдірді.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ-тың Филадельфия қаласында бортында алты адамы бар медициналық ұшақ сауда орталығының маңында апатқа ұшыраған еді.

Ұшаққа иелік ететін Jet Rescue жедел жәрдем қызметі апат кезінде бортта төрт экипаж мүшесі, сондай-ақ бір бала мен оған жауапты бір адам болғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Вашингтон маңында да ұшақ апатқа ұшырап, бортында болған спортшылар мен жаттықтырушылар қаза тапқанын жазған едік. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Трампқа, қаза болғандардың отбасына және осы қайғылы оқиғадан зардап шеккендерге көңіл айтты.

Бұдан бөлек, United Airlines әуе компаниясының Airbus A319 ұшағы Хьюстондағы Джордж Буш атындағы әуежайдан ұшып шықпақ болған кезде өртке оранғанын хабарлағанбыз. Өрт кезінде бортта 109 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2218853-aliaskada-shagyn-zholaushylar-ushagy-radardan-zhogaldy/