Екі көпір бұзылған: Түркістан облысында нөсер салдарынан 78 адам эвакуацияланды
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Екпінді ауылындағы Ақмешіт өзені арқылы өтетін екі өтпелі көпір қатты жауын-шашын салдарынан бұзылып, өзеннің арғы бетінде демалып жүрген азаматтар кері өте алмай қалған. Салдарынан 78 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға орнына бірінші болып жеткен полиция қызметкерлері жағдайды жедел бақылауға алып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында шұғыл әрекет еткен.
Жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесе отырып, арнайы техникалық құралдарды пайдаланып, эвакуациялық жұмыстарды ұйымдастырған.
Осылайша өзеннің арғы бетінде қалған 78 азамат, оның ішінде 28 жасөспірім бергі жағаға өткізілді.
"Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық эвакуацияланған тұрғын тұрғылықты мекенжайларына жеткізілді. Жедел ахуал полицияның толық бақылауында, жағдай тұрақты", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2372460-eki-kopir-buzylgan-turkistan-oblysynda-noser-saldarynan-78-adam-evakuatsiialandy/