Қарағанды құдыққа түскен екі жұмысшы қайтыс болды
Жарияланған күні:
Қарағандыда құдыққа түскен қос жұмысшының сыртқа денесі ғана шықты. Тура қаланың орталығындағы су құбырын тексеруге түскен құрылыс компаниясы жұмысшыларының өліміне не себеп болғаны әлі анықталған жоқ, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қайғылы жағдай таңғы 11:00-ге таман болған. Су құбырынан бөлек, өрт сөндіру гидранты бар құдыққа түскен 59 және 63 жастағы жұмысшылар қайта шыға алмаған. Оларды шығару үшін құтқарушылар келгенімен, жер бетіне тек денесі ғана шықты. Олар жұмыс істеген құрылыс компаниясындағылар әзірге тіс жармай отыр. Полиция мен еңбек инспекциясы енді марқұмдардың нақты қандай жұмыс үшін құдыққа түскенін, олардың қорғаныш киімдері болды ма және ең бастысы, өлімге не себеп болғанын анықтауға тиіс.
Осыған ұқсас тағы бір жағдай Шахтинск қаласында болды. Дүкен аумағындағы құдыққа тағы екі еркек құлап кеткен. Абырой болғанда, 66 және 69 жастағы егде жастағы қос тұрғынды құтқарушылар аман есен шығарды. Қазір оларға ем-дом жасалып жатыр.
Қарағанды қаласындағы қос адамның өліміне әкелген жағдайға қатысты полиция мен еңбек инспекциясы тексере бастады.
"Су құдығына түскен MK story group және REALCOM компаниясының жұмысшылары қайтыс болды. Оқыс жағдай туралы мемлекеттік еңбек инспекциясының Қарағанды облысы бойынша департаментіне жұмыс берушілер хабарлады. Қайғылы жағдайдың себеп-салдарын анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізу мақсатында комиссия құрылды", - дейді Мемлекеттік еңбек инспекциясының Қарағанды облысы бойынша департаменті өкілдері.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2390862-qaragandy-qudyqqa-tusken-eki-zhumysshy-qaitys-boldy/