Астанада балмұздақ жеген бала жансақтау өліміне түскені рас па: тексеріс басталды
Жарияланған күні:
Астана тұрғыны әлеуметтік желіде баласының балмұздақ жегеннен кейін жансақтау бөліміне түскені туралы жазба жариялады. Оның айтуынша, оқиға елордадағы сауда орталықтарының бірінде сатып алынған балмұздақ жегеннен кейін болған болуы мүмкін. Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аталған жайтқа пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz.
"Менің ойымша, бұл балмұздақтан болуы мүмкін. Бірақ бұған нақты балмұздақ себеп болды деп айта алмаймын, СЭС қорытындысын күтіп отырмыз. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан балалардың бәрі ішек инфекциясымен ем қабылдап жатыр. Тағы бір бала басқа брендтің балмұздағынан кейін сепсиспен түсті. Егер балмұздақтан уланғандар болса, хабарласуларыңызды сұраймын. Компания кінәсін мойындамай отыр және жаппай шағым түспегенін айтып жатыр", – деп жазды ата-ана.
Осы жағдайға байланысты редакция компаниядан түсініктеме сұрады.
Компания өкілдерінің айтуынша, олар отбасы мүшелерімен алғашқы күннен бері байланыста және барлық тексеруге ашық түрде қатысып жатыр.
"Бұл жағдай біздің бақылауымызда. Отбасы бізге алғаш жүгінген күннен бастап тұрақты байланыстамыз. Өндіріс процесіне, технологияға және жүргізіліп жатқан тексерулерге қатысты барлық қажетті ақпаратты ұсынып келеміз.
Қазір өнімнің осы партиясына екі бағытта зертханалық зерттеу жүргізіліп жатыр. Бірі – біздің ішкі зертханамызда, екіншісі – тәуелсіз санитариялық-эпидемиологиялық қызметте. Алдын ала нәтижелер бойынша қандай да бір сәйкессіздік анықталған жоқ. Қазіргі таңда соңғы қорытындыны күтіп отырмыз.
Медициналық ақпарат пен отбасы арасындағы хат-хабарға қатысты мәліметтерді тараптардың келісімінсіз жариялай алмаймыз. Бұл – дәрігерлік құпия талаптарын сақтау үшін қажет. Барлық ресми қорытынды дайын болғаннан кейін толыққанды мәлімдеме жасауға әзірміз", – деп хабарлады компания.
Ал Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қазіргі уақытта тек бір ғана ресми өтініш тіркелгенін мәлімдеді. Департамент басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, өтініш заңнама талаптарына сәйкес қаралып жатыр.
"Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне "е-Өтініш" ақпараттық жүйесі арқылы балмұздақ тұтынғаннан кейін болуы мүмкін тағамнан улану фактісі бойынша бір өтініш келіп түсті.
Өтініш қарауға қабылданды және департаменттің бақылауына алынды. Қарау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта бұл балмұздаққа қатысты тағамнан улану немесе жіті ішек инфекциясы фактілері бойынша медициналық ұйымдардан өзге өтініштер не шұғыл хабарламалар түскен жоқ", – деді Мұхамғали Арыспаев.
Қазіргі уақытта баланың нақты неден ауырғаны жөнінде ресми қорытынды жоқ. Әлеуметтік желідегі жазбада айтылған жайттар бойынша тексеру жалғасып жатыр. Өнімнің осы оқиғаға қатысы бар-жоғы зертханалық сараптама нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2394679-astanada-balmuzdaq-zhegen-bala-zhansaqtau-olimine-tuskeni-ras-pa-tekseris-bastaldy/