Түрген-Асы жолының екі учаскесін су шайып кетті: әкімдік қазіргі жағдай туралы айтты
Жарияланған күні:
Алматы облысында су деңгейінің көтерілуіне байланысты "Түрген-Асы" автожолының екі учаскесін су шайып кетті. Әкімдік жолдың қазіргі жағдайына қатысты ақпарат таратты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің мәліметінше, 3 шілдегі жағдай бойынша "Түрген — Асы" автожолының учаскесін қалпына келтіру үшін барлық техника Батан шатқалына жұмылдырылған.
Бірінші учаскеде жолдың шамамен 100 метрін су шайған. Онда балласт төгу арқылы қозғалыс қалпына келтірілген.
Екінші учаскеде шамамен 40 метр жолды су шайған. Қазіргі уақытта мұнда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда: автожолды бұталардан, ағаштар мен тастардан тазарту, сондай-ақ зақымдалған учаскеге топырақ төгу жұмыстары қолға алынған.
Аталған жұмыстарға жергілікті атқарушы органдардың, облыстық ТЖД-ның, «Қазселденқорғау" мекемесінің, "Іле-Алатау" МҰТП Түрген филиалының мамандары мен техникасы жұмылдырылған.
"Қауіпсіздік мақсатында қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанға дейін аталмыш жол туристердің баруына уақытша шектеу қойылады.
Барша тұрғындар мен қонақтардан түсіністік танытып, сабыр сақтауды сұраймыз. Жол толық қалпына келтірілгеннен кейін қосымша ақпарат ресми түрде жарияланады", - делінген әкімдік хабарламасында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2396113-turgen-asy-zholynyng-eki-uchaskesin-su-shaiyp-ketti-akimdik-qazirgi-zhagdai-turaly-aitty/