Әзербайжан Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына байланысты Қазақстанға көңіл айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қазақстанға көңіл айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Қазақстанда Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айту жазбасын жариялады.
"Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығуы кезінде адамдардың қаза тапқаны туралы хабар қабырғамызды қайыстырды
Біз қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқы мен үкіметіне қайғырып көңіл айтамыз.
Алла марқұмдарды алдынан жарылқасын, олардың отбасыларына осынау қиын сәтте сабыр мен төзім берсін. Хабар-ошарсыз кеткендер аман-есен табылады деп үміттенеміз және зардап шеккен әскери қызметшінің тезірек сауығып кетуін тілейміз", - делінген хабарламада.
Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы
Бүгін, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, теңізге алып кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқан. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысында төтенше жағдай болған жерден видео жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2432842-azerbaizhan-manggystaudagy-askeri-qyzmetshilerding-qazasyna-bailanysty-qazaqstanga-kongil-aitty/
