"Марқұмдардың денесін тануды талап етіп жатыр": Ақтауда мәйітхана алдына қаза тапқан әскерилердің туыстары жиналды (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқандардың туыстары мәйіттерді тану үшін Ақтаудағы мәйітханаға келді. Оқиға орнынан түсірілген кадрларды ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Блогер Азамат Сәрсенбаев өзінің Instagram парақшасында Ақтау қалалық мәйітханасының маңында қазір не болып жатқанын көрсетті.
"Жүздеген адам, марқұм болған сарбаздардың туыстары мен жақындары мәйітхана алдына жиналып, мәйіттерді тануды талап етуде.
Қазіргі уақытта жергілікті билік өкілдері мәйіттерді сарбаздардың тұрғылықты жеріне жеткізуге дайындық жұмыстарын жүргізуде (мәйіттерді мәйітхана тікелей бермейді).
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов мәлімдегендей, сарбаздардың денелері аз уақыт ішінде үйіне жеткізіліп, туыстарына табысталады", - деп жазды ол.
Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы
Бүгін, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, теңізге алып кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқан. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысында төтенше жағдай болған жерден видео жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Артынша, мемлекет басшысы ертең, 25 қыркүйекті республика бойынша жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
