Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан үш әскери қызметшінің суреті жарияланды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде Батыс Қазақстан облысынан шақырылған үш матрос қаза тапты. Әкімдіктер олардың суреттерін жариялап, отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қаза тапқандардың бірі – Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының тумасы Жеңіс Темірғалиев. Ол ҚР Қарулы күштерінің мерзімді әскери қызметшісі болған.
"Жеңіс Тілеуішұлы ел алдындағы азаматтық парызын өтеуге аттанып, Отан қорғау жолында қаза тапты. Оның қазасы – ата-анасы мен туған-туыстарына ғана емес, бүкіл ауыл-аймағына, барша жерлестеріне ауыр соққы, орны толмас қайғы", - делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің Instagram-дағы парақшасында жарияланған хабарламада.
Қаза тапқан тағы бір азамат – Қазталов ауданы, Қараоба ауылының тұрғыны, ҚР Қарулы күштерінің мерзімді қызметтегі матросы Ақжайық Гилаж.
"Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу жолында өмірін қиған Ақжайықтың мезгілсіз қазасы туған-туыстары мен жақындарына, ел-жұртына орны толмас қайғы әкелді. Осы ауыр сәтте марқұмның ата-анасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз", - делінген Қазталов ауданы әкімдігінің Instagram-дағы парақшасында жарияланған хабарламада.
Үшінші қаза тапқан азамат – Бәйтерек ауданының тұрғыны Өмірбек Өмірзақ.
"Оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлының мезгілсіз қазасы артында қалған отбасы мен жақындарына, ел-жұртына орны толмас ауыр қайғы әкелді. Марқұмның ата-анасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз", - делінген Бәйтерек ауданы әкімдігінің Instagram-дағы парақшасында жарияланған хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен әрі күрт нашарлап, жел екпінінің күшеюі салдарынан ашық теңізге 17 әскери қызметшіні алып кеткен болатын.
Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде үш әскери қызметші құтқарылды. Өкінішке қарай, 12 әскери қызметші қаза тапты.
Бүгін Қорғаныс министрлігі тағы екі әскери қызметшінің денесі табылғанын және іздестіру-құтқару операциясының аяқталғанын мәлімдеді.
Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды. Тергеушілер 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алған, күдіктілер анықталды.
Бүгін – Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2433247-kaspiidegi-oqu-zhattygu-kezinde-qaza-tapqan-ush-askeri-qyzmetshining-sureti-zhariialandy/
