Түркістан облысында жол апатынан 3 адам көз жұмды (видео)
Жарияланған күні:

Түркістан облысында жол апаты болып, үш адам қаза тапты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 5 қазанда Алматы-Термез тас жолында болған. Жүк және жолаушылар көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан үш адам қаза тапты.
"Қазіргі уақытта осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды және болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Өз кезегінде полицейлер жүргізушілер мен жолаушыларды жол ережелерін сақтауға және жолда абай болуға шақырады", - делінген полиция хабарламасында.
Еске салайық, қыркүйекте Алматы-Өскемен тас жолының 25-шақырымында жантүршігерлік жол апаты болып, бір адам қаза тапқан еді. "Chevrolet Cobalt жүргізушісі жолдың 25-шақырымында рөлге ие бола алмай, бетон қоршауға соғылғаны анықталды. Артынша ол алдындағы Hyundai Sonata көлігіне соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Chevrolet Cobalt жүргізушісі оқиға орнында мерт болды.
Сондай-ақ қыркүйекте Қарағандыда алты көлік соқтығысқан жол апаты болып, бір адам қаза тапты. Полицейлер бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалғанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2172198-turkistan-oblysynda-zhol-apatynan-3-adam-koz-zhumdy-video/