Оқыс оқиға

Зектілері

Атырау облысындағы теміржол апаты салдарынан бірқатар жолаушылар пойызы кешігіп келетін болды

Жарияланған күні:

Читать на русском
Оқиға орны
Оқиға орны. Фото: t.me / PR_KTZh

Атырау облысындағы теміржол өткелінде болған апаттан кейін бірқатар жолаушылар пойызы діттеген жеріне кешігіп келетін болды, деп хабарлайды ҚТЖ-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ұлттық компанияның Telegram-каналында хабарланғандай, жүк пойызы мен жүк машинасы соқтығысқан жерде қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Оған 2 қалыпқа келтіру пойызы мен 6 автокөлік жұмылдырылған.

"Осы жұмыстарға байланысты “Маңғышлақ-Атырау” және “Ақтөбе-Атырау” жолаушылар пойызы кешігіп келмек. Атырау облысының әкімдігі жолаушыларды Қарабатан стансасынан Атырау теміржол вокзалына дейін тасымалдайтын 10 автобус шығарды. Апат салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр", - делінген ҚТЖ хабарламасында.

"Жолаушылар тасымалы" АҚ мынадай алты жолаушылар пойызының кешігіп келетіні туралы хабарлайды:

  • №313 "Атырау – Маңғыстау";
  • №314 "Маңғыстау – Атырау";
  • №42 "Алматы – Атырау";
  • №41 "Атырау – Алматы";
  • №123 "Волгоград – Ташкент";
  • №691 "Атырау – Ақтөбе".

Атырау қаласы әкімдігі жолаушыларды уақытылы тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында Атырау станциясынан Қаработан станциясына дейін және кері бағытта арнайы автобустар ұйымдастырды.

Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды тамақпен қамтамасыз ету шараларын қолға алып, пойыз қозғалысының жай-күйі туралы SMS-хабарламалар жіберіп жатыр әрі вокзалдардағы ақпараттық тақталар арқылы жедел мәлімет таратуды жүзеге асырып жатыр.

Жолаушылар пойыздарының кідірісі туралы толық ақпарат алу үшін 1433 тегін нөміріне хабарласуға болады.

Пойыздың бір сағаттан астам кідірісі болған жағдайда, Қазақстан Республикасының теміржол көлігімен жолаушыларды, жолжүктi, жүк-жолжүктi және пошта жөнелтiмдерiн тасымалдау қағидаларына сәйкес, жолаушыларға мынадай төлемдер қарастырылған:

  • сапардан бас тартқан жолаушыларға – жол жүру құны толық көлемде қайтарылады;
  • жол бойында сапарды тоқтатқан жағдайда – жүріп өтпеген қашықтықтың жол жүру құны өтеледі;
  • пойыз кешіккен жағдайда – әр толық кешіккен сағат үшін жол жүру құнының 3%-ы мөлшерінде, бірақ толық билет құнынан аспайтын өтемақы төленеді.

Ұлттық тасымалдаушының жолаушылар пойызы кешіккен жағдайда өтемақыны "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның билет кассаларынан жолаушының өтініші бойынша алуға болады.

"Ұлттық тасымалдаушы келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды және пойыз қозғалысын тезірек қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараны қабылдауда", - делінген ҚТЖ хабарламасында.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ ақпаратына сәйкес, 1 наурыз сағат 10:20-да Тендік станциясының теміржол өткелінде жүк көлігі жүргізушісінің кінәсінен жүк пойызы мен ауыр көлік соқтығысқан. Апат салдарынан локомотив бригадасының қызметкерлері зардап шекті. Локомотив пен 11 бос вагон рельстен шығып кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2224722-atyrau-oblysyndagy-temirzhol-apaty-saldarynan-birqatar-zholaushylar-poiyzy-keshigip-keletin-boldy/