Абай облысында жол-көлік оқиғасынан ауыр зардап шеккен екі бала Астанаға жеткізіледі
Опубликовано:
Абай облысына жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі баланы Астанаға жеткізу үшін санитариялық авиация борты жіберілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының санитариялық авиация борты Үржар ауданына жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі баланы Астанаға тасымалдау үшін ұшып келді.
"Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр. Балаларға көмек көрсетуге еліміздің ғылыми медициналық орталықтарының үздік мамандары тартылды", - делінген хабарламада.
Артынша Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының (ҰШМҮО) санитариялық авиация борты Астана қаласына ұшып шыққаны хабарланды.
Пациенттерді Астана қаласындағы №2 Көп бейінді қалалық балалар ауруханасына емдеуге жатқызу туралы шешім қабылданған.
"Бортта балаларға ҰШМҮО реаниматологы Е. Шақан, Астана қаласының №2 Көп бейінді қалалық балалар ауруханасының травматологы Н. Жакипов және Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургы С. Сейтбеков дәрігерлер бригадасы медициналық көмек көрсетеді.
Оқиға орнында бірден аудандық ауруханада облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан құрылған мультитәртіптік бригада толық диагностикалық зерттеу жүргізіп, зардап шеккендердің жағдайына бағалады және жедел емдеу жоспарын жасады", - делінген хабарламада.
Бала жағдайының тұрақсыздығы ескеріле отырып, пациенттердің бірі – тоғыз жасар қыз бала жағдайы тұрақталғанға дейін стационарда қалдырылды. Ол Абай облысының бас штаттан тыс анестезиолог-реаниматологы Д. Каримовтың бақылауында.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Абай облысында жол-көлік оқиғасынан үш бала көз жұмып, тағы үшеуі түрлі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілгенін хабарлағанбыз. Президенттің тапсырмасы бойынша оқиға орнына бортында дәрігерлер бар Қорғаныс министрлігінің ұшағы жіберілді.
Полицияның мәліметінше, алдын ала деректерге сәйкес, оқыс оқиға 19 тамызда сағат 16:00 шамасында Абай облысының Үржар ауданы Бестерек ауылында болған. Toyota автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған балаларды қаққан.
Салдарынан кәмелетке толмаған екі бала оқиға орнында көз жұмса, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қаза болған. Зардап шеккен тағы үш бала ауруханаға жеткізілген.
Кейінірек Денсаулық сақтау министрлігі жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, зардап шеккен балалардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.
Балаларға бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, зардап шеккендер – екі отбасының балалары. Көз жұмған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені белгілі болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2277243-abai-oblysynda-zhol-kolik-oqigasynan-auyr-zardap-shekken-eki-bala-astanaga-zhetkiziledi/