Алматыдағы әл-Фараби даңғылында тағы бір адам өлімі: жаяу жүргіншіні көлік қағып кетті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Жақында үш адам ажал құшқан жол апаты болған Алматыдағы әл-Фараби даңғылында әйелді көлік қағып кетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Instagram желісіндегі kris_p_almata парақшасында Алматыдағы әл-Фараби даңғылында тағы бір жол апаты тіркелгені туралы жазба жарияланды. Жол-көлік оқиғасында бір адамның қайтыс болғаны туралы айтылған.
NUR.KZ тілшісі Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметіне ақпаратты нақтылау үшін хабарласты. Олардың мәліметінше, кеше, 25 наурызда, сағат 22:50 шамасында әл-Фараби даңғылында әйелді көлік қағып кеткен.
"Әл-Фараби көшесімен шығысқа қарай жүріп келе жатқан Mitsubishi Delica жүргізушісі Розыбакиев көшесімен қиылыста солтүстікке қарай жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргінші әйелді қағып кетті. Жаяу жүргінші алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды", - дейді Полиция департаменті өкілдері.
Адам өліміне әкеп соққан апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде және БАҚ-та Алматыда үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты туралы хабарлағанды. Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан.
Апаттың жай-жапсары кейінірек белгілі болды. Куәгерлер Zeekr көлігі сол түні басқа көлікпен жарысқанын айтуда. Сондай-ақ күдікті медициналық мекемеде күзетілетін палатада ұсталып отырғаны белгілі болды.
26 наурызда полиция оқиғаға қатысты пікір білдірді. ПД мәліметінше, жүргізуші әл-Фараби даңғылында автокөлікті сағатына 250 шақырым жылдамдыққа дейін үдеткен. Оның кім екені жедел анықталып, ұсталды. Оған қатысты бірнеше құқық бұзушылық фактісі бойынша әкімшілік материалдар рәсімделіп, сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2357979-almatydagy-al-farabi-danggylynda-tagy-bir-adam-olimi-zhaiau-zhurginshini-kolik-qagyp-ketti/