Сот Шавкат Рахмоновтың бұрынғы әйеліне қатысты үкім шығарды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Тараздағы сотта Гүлайым Рахмоноваға қатысты адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы туралы іс қаралды. Ол кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram арнасында хабарланғандай, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Рахмоноваға қатысты абайсызда 2 адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады.
Сот мына жайттарды анықтады:
- 2025 жылғы 27 шілдеде сағат 8:30 шамасында Рахмонова Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы "Алматы-Екатеринбург" тас жолында Toyota Land Cruiser маркалы автокөлігін басқарған. Шаршаңқы күйде болған Рахмонова жол ережесін бұзып, көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен, содан кейін оның көлігі аударылып қалған.
- Оқиға салдарынан 2 жолаушы (сотталушының досы мен әпкесі) ауыр дене жарақаттарын алып, қаза тапты, сотталушының өзі ауруханаға жатқызылды.
- Сотталушының кінәсі тараптардың айғақтары мен сарапшылардың қорытындыларына және істің басқа материалдарына сәйкес дәлелденді.
Тараптардың позициясы
- Прокурор 7 жылға дейін автокөлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды, жазаны орындауды 5 жылға кейінге қалдыруды сұрады.
- Жәбірленуші тараптар сотталушыны кешірді, талап арыз бермеді, (қайтыс болған досының әкесі) бас бостандығынан айыруды көздемейтін жаза тағайындауды сұрады, (сотталушының әпкесінің жұбайы) соттан жаза тағайындамауды сұрады.
- Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
Сот үкімі
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігінің санкциясы автокөлік құралдарын басқару құқығынан 7 жылға дейін айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-бөлігінің 1)-тармағына сәйкес (16.07.2025 ж. редакциясында) жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде онша ауыр емес немесе орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша жазаның негізгі түрінің мерзімі жазаның негізгі түрінің жартысынан аспауға тиіс.
Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған әйелдерге сот жазаны орындауды 5 жасқа дейін, бірақ бала 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырады.
- Сотталушының 2 жастан 9 жасқа дейінгі 4 баласы бар.
- Сот жас балалардың болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде анықтады, ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
- Сот үкіміне сәйкес Рахмонова Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 7 жыл мерзімге автокөлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
- Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігінің негізінде жазаны орындау 5 жылға кейінге қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Шавкат Рахмоновтың жары түскен жол апатына қатысты іс биыл 30 қаңтарда сотқа жолданды.
Айта кетейік, 2025 жылғы шілдеде "Шавкат Рахмоновтың жұбайының қатысы бар" делінген жол апаты туралы ақпарат тараған еді. Жол-көлік оқиғасы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы тас жолда болған.
Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, жол талғамайтын көлік аударылған. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілген.
Ал жақында Рахмонованың өзі желі парақшасында жазба жариялап, спортшымен ажырасқанын мәлімдеген болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2358593-sot-shavkat-rahmonovtyng-buryngy-aieline-qatysty-ukim-shygardy/