"Ешкім де жауапкершіліктен жалтара алмайды": Сәденов Алматыдағы жол апатына қатысты тағы да мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты тағы да мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ішкі істер министрі Instagram желісіндегі парақшасында қоғамда резонанс тудырған жол апатына қатысты жазба жариялады. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі мемлекет басшысының 2026 жылғы 30 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес Алматыдағы жол-көлік оқиғасының мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеп-тексеру және кінәлілердің жазадан жалтармауын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатыр.
"Аталған жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісін сот шешімімен қамауға алу шарасы қабылданды. Анықталғандай, ол апат кезінде алкогольге мас күйде болған.
Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізуде. Қоғамда таралған барлық мәліметтер тексерілуде", - деп жазған министр Instagram-да.
Министрдің айтуынша, жағдайға объективті баға беру үшін Алматы қаласына ІІМ комиссиясы – Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент жіберілді.
Қызметте жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Қазіргі уақытта қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдануда.
Қалаға басқа өңірлерден полиция жасақтары жіберілді. Ауқымды тексеру және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол жүру қағидаларын бұзу дерегінің жолы кесілді. Оның ішінде мас күйде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір қолдану және жүргізу құқығынсыз көлік басқару фактілері бар. 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды.
Осындай күшейтілген іс-шаралар бүкіл ел бойынша жүргізілуде.
"Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлі адам заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды. Барлығы заң алдында тең", - дейді Ержан Сәденов.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз