Ақтауда полицей көлігімен баланы қағып кетті: сәби оқиға орнында көз жұмды
Жарияланған күні:
Ақтауда полицей қызметтік көлігімен аулада ойнап жүрген баланы қағып, бір жастан асқан сәби сол жерде жан тапсырған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна дерегінше, баланың қасында әкесі де болған. Оқиға куәгерлерінің сөзінше, түс қайта шағын аудан ішіндегі ойын алаңқайында бір топ бала ойнап жүрген. 1,5 жастағы бала әкесінің жанында жүрген. Сол уақытта кішкентай бүлдіршін жолға шығып кеткен. Ал көлігін артқа жүргізген полиция қызметкері сәбиді байқамай қалған көрінеді.
"Менің көргенім бар ғой, мына жерде бала, машин келді да, артқа берді. Соның үстінде қақты. Ойбай дедім. Мына, әне жерде отырдым. Скамейкада отырдым, міне. Сөйтіп ол машинаны ана жерге қойып келді, иә. Уже бала қансырап жатыр. Басып кетті кәдімгі. Сосын әкесі келді бір кезде. Сол ана подьезде тұрады екен. Көтеріп алып кетті. Басқа көрген-білгенім жоқ. Мана айттым таңертең қанды сүртіп ала қойыңдар деп едім. Ешқайсысы алмады.. Баланың қаны", - дейді оқиға куәгері Оразбай Сапарбаев (ред. - куәгердің сөзі өзгеріссіз берілді).
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалыпты.
"Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Маңғыстау облысы Полиция департаменті қаза тапқан баланың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Полиция департаментінің басшылығы аталған оқиғаны ерекше бақылауға алды", - дейді Маңғыстау облысының полиция департаменті өкілдері.
Телеарна мәліметтеріне қарағанда, көлікті тізгіндеген жүргізушіден алкоголь немесе психотроптық зарттарды қолдану белгілері анықталмаған. Полиция департаменті тергеу қорытындысы бойынша заңға сәйкес шаралар қабылданатынын хабарлады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2376744-aqtauda-politsei-koligimen-balany-qagyp-ketti-sabi-oqiga-ornynda-koz-zhumdy/