Жолаушылар пойызының вагоны рельстен шығып кетті: зардап шеккендер бар
Жарияланған күні:
Түркістан облысында "Жаңақорған – Түркістан" учаскесінде "Саратов – Алматы" бағыты бойынша жүріп бара жатқан №8 жолаушылар пойызының бір вагоны рельстен шығып кетті. Оқиғадан зардап шеккендер бар, деп жазады Baq.kz.
ҚТЖ компаниясының баспасөз қызметі 16 маусым күні сағат 12:49-да Шиелі – Түркістан аралығында "Саратов – Алматы" бағытындағы №7/8 жолаушылар пойызы қозғалып бара жатқанда, техникалық себептерге байланысты бір вагонның дөңгелек жұптары рельстен шығып кеткенін хабарлады.
Тасымалдаушының мәліметінше, вагонда 36 жолаушы болған, оның ішінде 13-і - балалар.
Алдын ала мәлімет бойынша, екі адам зардап шеккен. Бір жолаушы әйел вагонның әжетханасында болған кезде басын соғып алған. Сонымен қатар, бір бала қайнаған суға күйіп қалған.
Компанияның мәліметінше, жолаушыларға медициналық көмек ұсынылған, бірақ олар көмектен бас тартқан.
"Оқиға салдары жою және қозғалысты қалпына келтіру үшін оқиға орнына шұғыл түрде қалпына келтіру пойызы жіберілді", - деп хабарлады ҚТЖ.
Оқиғаның себептері анықталып жатыр.
Бұдан бөлек, жолаушыларды тасымалдау үшін қосымша пойыз тағайындалды. Отырғызу мен жөнелту жұмыстары жедел режимде ұйымдастырылғаны айтылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2389315-zholaushylar-poiyzynyng-vagony-relsten-shygyp-ketti-zardap-shekkender-bar/