Алматы-Өскемен тасжолында төрт бірдей көлік жол апатына түсті: бір адам көз жұмып, төртеуі жарақат алды
Жарияланған күні:
9 шілдеде сағат 08:40 шамасында Алматы – Өскемен автожолының 885-шақырымында Жарма ауданының Жарма ауылы маңында төрт көлік жол апатына түсті, деп хабарлайды өңірлік ПД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Volkswagen Polo автокөлігінің жүргізушісі көлік басқару кезінде назарын басқа жаққа аударып, рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан Volvo жүк көлігімен соқтығысқан. Кейін жол-көлік оқиғасына Toyota Windom жеңіл автокөлігі мен DAF жүк көлігі де қатысқан.
Жол апаты салдарынан Volkswagen Polo көлігінің жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Түрлі дене жарақатын алған бірнеше адам медициналық мекемеге жеткізілді.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Абай облысы Полиция департаменті жүргізушілерге көлік басқару толық зейін мен жауапкершілікті талап ететінін еске салады. Ұялы телефонды пайдалану, хабарлама жазу, сөйлесу, көлік салонынан зат іздеу немесе жүргізушінің назарын жолдан аударатын кез келген әрекет жол-көлік оқиғасының қаупін едәуір арттырады.
Бірнеше секундтық қана бейқамдықтың өзі көліктің бақылаусыз айтарлықтай қашықтыққа жүріп өтуіне себеп болуы мүмкін.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз