"Аяғынан айырылды": Арыс қаласы әкімінің ұлы басқарған көлік жол апатына түсіп, жолаушылардың бірі ауыр жарақат алды
Жарияланған күні:
Биыл 29 мамырда Астана-Павлодар тасжолында болған жол апаты салдарынан 20 жастағы жігіт екі аяғынан айырылған. Сессиясын жауып, үйіне қайтып келе жатқанда жол апатынан зардап шеккен студент бүгінде өмірі үшін күресіп жатыр. КТК телеарнасының дерегінше, көлік тізгінінде Арыс қаласы әкімінің баласы болған. Аталған жайтқа қала әкімі пікір білдірді.
Телеарна дерегінше, жол апатынан қос аяғынан айырылған 20 жастағы студент Талғат Емел отырған "таксиді" Арыс қаласы әкімінің ұлы басқарған. Сессиясын аяқтап, ата-анасына алаңсыз таксимен қайтып келе жатқан студент көлік апатынан ауыр соққы алып, дәрігерлер оның екі аяғын бірдей шап тұсына дейін кесуге мәжбүр болған. Клиникалық өлімді де бастан өткерген Талғаттың жақындары, оның өмірі үшін күрес әлі де жалғасып жатқанын айтады.
"Қазіргі жағдайы ауыр. Ем-шара алғаннан кейін де, көптеген ота жасалғаннан кейін де, оған қоса аяғынан айырылғаннан кейін де, жағдайы нашар. Дәрігерлер бізге айтты: "қатты сепсис болып жатыр, сондықтан аяғын үш-төрт рет ашып, қайта тазалап, өзінің қаны болмағандықтан, адамда жақсы иммунитет болмайды" деді", - дейді жәбірленушінің әпкесі Гүлсім Абайілдинова.
Екі қаланың арасында жолаушы тасымалдаған 22 жастағы жүргізуші Арыс қаласы әкімінің ұлы екені белгілі болды. Осыған байланысты енді жәбірленуші тарап істің әділ әрі ашық тергелетініне күмәнданып отыр.
Ал жүргізушінің әкесі өзінің қызмет мәртебесі тергеуге әсер етеді деген пікірмен келіспейді. Ол ұлы кәмелетке толған азамат болғандықтан, әрекеті үшін жауапкершілікті өзі арқалайтынын мәлімдеді.
"Мен ешқашан қызмет өкілетімді жеке мүддем үшін пайдаланған емеспін және пайдаланбаймын. Осы іс бойынша тергеуге немесе қабылданатын процессуалдық шешімге қандай да бір ықпал етуге әрекет жасамағанымды және мұндай әрекетке бармайтынымды жауапкершілікпен мәлімдеймін. Заң алдында барлығы тең", - деді Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев.
Жантүршігерлік жол апатына қатысты күдікті ретінде такси жүргізушісі ұсталды. Қазір іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында. Ал Талғаттың емі жалғасып жатыр. Жол апаты бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Іс адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзу бабы бойынша қаралып жатыр. Егер ол дәлелденсе, жүргізуші екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз