Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзі ұшыраған жол апатына қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек таяуда Жамбыл облысында болған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Құрметті достар! Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжам мен түрлі әңгімеге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін", - деп жазды экс-депутат Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, қазір өзі үшін ең бастысы – зардап шеккен азаматтың, оның жақындары мен туыстарының қасында болып, қажетті көмек көрсету.
"Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз.
Көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухананың барлық дәрігеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысымды білдіремін.
Әлеуметтік желілерде қазірдің өзінде түрлі нұсқалар мен алып-қашпа әңгімелер тарап жатыр. Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын.
Осы қиын күндерде алаңдап, қолдау көрсетіп жатқан баршаңызға рахмет!" - деді Бақытжан Базарбек.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында 36 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткені белгілі болған еді. Әлеуметтік желілерде рульде мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Зардап шеккен азамат ауруханаға түсті. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2413783-eks-deputat-baqytzhan-bazarbek-zhol-kolik-oqigasyna-qatysty-pikir-bildirdi/
