Қазақ даласындағы тұңғыш дәріхана ашқан: қазақтан шыққан дәрігер Мұхамеджан Қарабаев туралы не білесіз
Жарияланған күні:

Мұхамеджан Қарабаев — қазақ медицинасының негізін қалаушы дәрігерлердің бірі, оның еңбегі мен өмір жолы Қазақстан медицинасының дамуына үлкен үлес қосты. Бұл мақаламызда тарихи тұлғаның өмірі мен еңбегіне тоқталамыз.
- Мұхамеджан Қарабаев 1858 жылы Қостанай облысында дүниеге келіп, қазақ медицинасының негізін қалаушы дәрігерлердің бірі болды.
- Ол Қазан университетінің медицина факультетін бітіріп, Қостанай, Ырғыз, Якутия сияқты түрлі аймақтарда дәрігер болып қызмет етті, эпидемиялармен күресті және аурухана салу бастамасын көтерді.
- Қарабаев қазақ даласында медициналық қызметті жақсартуға, санитарлық жағдайларды жетілдіруге және жұқпалы аурулардың алдын алуға үлкен үлес қосты.
Қарабаев 1858 жылы қазіргі Қостанай облысында дүниеге келген. Ол алғашқы білімін ауылында алғанымен, кейіннен Қазан университетіне түсіп, медицина факультетінен дәрігерлік білім алған алғашқы қазақтардың бірі болды.
Оқу және кәсіби жолы
"Ақиқат" басылымының мәліметінше, Мұхамеджан Қарабаевтың медицинаға деген қызығушылығы оны 1881 жылы Қазан университетіне апарды. Университетте ол медицина саласының негіздерін меңгеріп, бірнеше жыл бойы қаржылық қиындықтармен күресуге мәжбүр болды. 1887 жылы Қазан университетін бітіріп, дәрігер атанған соң, бір жыл бойы сол қалада тәжірибе жинақтап, кейін Орынборға қызметке орналасты.
1888 жылы Қарабаев Қазақстанға оралып, Қостанай қаласында жұмыс істеді. Ол кезде қалалық медицина жүйесі өте дамымаған еді: қаладағы ауруханаларда небәрі төрт төсек орын ғана бар еді. Бірақ Қарабаевтың ұйымдастырушылық қабілеті арқасында ол медицина қызметін жақсартуға тырысып, жергілікті халыққа қызмет етті. Ол тек денені емдеумен шектелмей, адамдардың психологиялық жай-күйіне де көңіл бөлді, бұл оның дәрігерлік шеберлігінің айрықша қыры болды.
Дәрігер хирург Сағындық Ордабековтің мақаласындағы мәлімет бойынша, Мұхамеджан Қарабаев 1881 жылы кәмелеттік аттестат алған кезде Торғай облысында 105 мың шаршы шақырым аумақта орташа есеппен бір дәрігер, бір фельдшер және бір кіндік шешеге 82 мыңнан астам адамнан келді.
"М.Қарабаев туған халқының қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын жастайынан біліп өсті. Аш-жалаңаш жүріп, білім алуды, еліне қызмет етуді аңсады. Асыл арманы орындалып, Қазандағы императорлық университеттің медицина факультетіне түсіп, оны 1887 жылы бітірген. Ол 1888 жылы маусымда уез дәрігерінің қызметіне тағайындалып, үнемі сапарда жүріп, шұғыл хирургиялық операциялар жасап, екіқабат әйелдерді босандырды, шешек, бөртпе сүзек, тырысқақ және қышыма қотырмен күресті", - деп жазады автор.
Қазақтың алғашқы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің емдеуші дәрігері болды деген де мәліметтер бар. Ол қазақ даласында бірінші рет Ырғызда жаңа аурухана салу жөнінде ұсыныс жасап, байтақ даладағы алғашқы аурухананы сонда ашып, он жылдан астам сол ауруханада қызмет еткен. Бірақ, сол кездегі күн сайынғы ерлікке толы еңбек оған жеткіліксіз көрінді, делінген Ордабековтің мақаласында.
1892-1893 жылдары М.Қарабаев бүкіл Қазақстанды дүрліктірген тырысқақ (холера) індетін жоюға ерен еңбек сіңірген дәрігерлердің алғы қатарында болды. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда 20722 адам қатерлі тырысқақ індетпен ауырып, оның 13197-сі көз жұмды. 1897 жылы Ырғыз өңірін ашаршылық жайлап, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі мен денсаулықтарын нашарлатты, ел арасында жұқпалы дерттер көбейді.
"1898 жылы М.Қарабаев Ташкентке немесе Түркістанға уездік дәрігер етіп жіберуді өтініп билік иелеріне өтініш жазды. Көп ұзамай Ташкенттен оның Перовскіге (қазіргі Қызылордаға) баруы туралы ұсыныс түсті. Бірақ, 1907 жылы Қазақстанда жаппай сүзек індеті бас көтеріп, оны Ырғыз уездіне жергілікті тұрғындарға медициналық көмек беруге жолдады", - деп сипаттайды автор.
Қызмет жолындағы жетістіктері
Мұхамеджан Қарабаев әртүрлі өңірлерде, соның ішінде Ресейдің Якутия аймағында да қызмет атқарды. 1911 жылы ол Олекминск округінің екінші дәрігері болып тағайындалып, кейіннен Верхоянск және Среднеколымск сияқты шалғай аудандарда дәрігерлік қызмет көрсетті. Осы өңірлерде ол эпидемиялармен күресіп, жергілікті халықтың денсаулығын сақтауға үлес қосты.
Бұл туралы Ордабековтің мақаласында мынадай құнды мәліметтер келтірілген:
"1911 жылы елу үштегі дәрігер Мұхамеджан Қарабаев өз еркімен қауіпті оба ауруымен күресу үшін Якутияға жол тартады. Ол бес жыл Орта Колым және Якутиядағы Верхоянск және Среднеколымск округтарында инфекциялық аурулар тараған колонияларда және жергілікті тұрғындарға арналған емханада жұмыс істеді. Тіпті, лепрозориядағы науқастарға 1912-1913 жылдары ем жүргізді. Сөйтіп, дәрігерлік өмірінің 5 жылын Верхоянск пен Колымада өткізіп, жергілікті халықтың ризашылығын алып, 1916 жылдың жазында қызметін тапсырып, Якутиядан кетті.
1916-1917 жылдары Петроградта Қызыл крест ұйымында жұмыста болды. Одан кейін 1918 жылы елге оралғанда дәрігерлерден тарығып отырған денсаулық сақтау бөліміне келіп, бар күш-қуатын аямай халыққа қызмет етуге дайын екендігін білдірді. Ырғыз, Шалқар, Ақтөбе жерінде неше түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ем-дом жасап, елдің денсаулығын сақтауға барынша атсалысты. Дәрігер тапшылығынан ол барлық сырқаттарды аралап, қажетті емін жасап, профилактикалық шараларды ескертіп отырды".
Ол сонымен қатар әскери комиссариаттарда жұмыс істеп, азаматтық соғыс кезінде әскерлерді медициналық тұрғыда қамтамасыз ету ісіне де қатысқан. Оның қызметі тек дәрігерлік міндеттермен шектелмей, кең ауқымды ұйымдастырушылық жұмыстарды қамтыды.
Қарабаевтың қызмет еткен және жерленген жері туралы Қостанай облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінің қызметкері Шынар Дусмағамбетова мақаласында егжей-тегжейлі жазған.
Автордың жазуына қарағанда, Қарабаев аз уақыт Орынбор қаласында қызметте болып, 1888 жылдың басында еліне қайта оралады. Келісімен өз мамандығын жақсы меңгерген М.Қарабаев Қостанай қалалық аурухананың дәрігері болып қызметке орналасады. Ол қазақ баласы аяқ баспаған Саха, Якутия сияқты үскірік суық елдерге өз еркімен сұранып барып, медициналық көмек көрсеткен. Кейін Қызыл Кресте Санкт-Петербург, Уфа, Қазан қалаларында да медициналық уақытша жәрдем орталықтарында жұмыс істеген. 1921 жылы өмірінің соңына дейін Боровой ауруханасының меңгерушісі, арасында Әулиекөл (Семиозер) ауылында да аурухана меңгерушісі қызметін атқарған. Введен ауылдық ЖББ мектеп музейінде М.Қарабаевқа арналған "Қазақтың тұңғыш дәрігері" Мұхамеджан Қарабаев 1858-1928 ж. деген қабырға жасалған. Онда мұрағат құжаттарынан көшірмелер, дәрігердің фотосуреті ілінген, дегенмен М.Қарабаевтың өзі ұстаған заттарын, өкінішке қарай, көре алмағанын жазады автор.
"Қазақтарда "Қарабай өткелі", орыстарда "Карабайевка" деп аталып кеткен Тобыл өзенінің оң жақ жағалауынан келесі сол қапталға өтетін өткел бар. Өзеннің сол жағында ауылдың бұрынғы қорымы зират болған. Сол жерге де Қалқаман Хасенұлы алып барып, мынадай мән-жайды баяндап берді: Мұхамеджанның әкесі Қарабай осы зиратта жерленіп, кейін жаңа қорымға қайта көшірілген. Оның себебі: көктемгі су тасқыны кезінде осы жердегі қорымды су шайып бастаған соң, әкесі Қарабайдың моласына қауіп төне бастап, Мұхамеджанның ағасы Дәулеттің баласы Кәрім атай (азан шақырып қойған аты Мұхамедкәрім) аудан, облыс басшыларына ол мәйіт қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер М.Қарабаевтың мәйіті деп қулыққа барып атасының сүйегін Введен ауылының солтүстүгіне, аурухананың арғы жағына сайдан өтіп, тегіс далаға апарып жерлейді.
Ал, Введен ауылынан 4-5 шақырым күншығыстағы Кеңарал зиратында Мұхамеджан мен Дәулет інісі қатар жерленген. Бүгін ұрпақтарының атынан, қойылған белгі де бар. Осыдан 5 жыл бұрын, Мұхамеджан Қарабаевтың туғанына 160 жыл толуына байланысты, сол кездегі Меңдіқара ауданының әкімі Ерлан Теменовтың көмегімен жеке белгі монумент көтеріп, аудан орталығында конференция да өткізіліпті", - делінген Дусмағамбетованың мақаласында.

Қазақ медицинасының дамуына қосқан үлесі
Мұхамеджан Қарабаев Қазақстандағы медицинаның дамуына зор үлес қосты. Ол қазақ халқының денсаулық сақтау саласында тұңғыш дәрігерлердің бірі болуымен қатар, елде санитарлық жағдайларды жақсарту және жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын ұйымдастыруда белсенді жұмыс жасады.
Оның мұрасы қазіргі таңда да жоғары бағаланады, оның есімі Қазақстандағы медицинаның тарихында ерекше орын алады
Мұхамеджан Қарабаевтың қызметі қазақ медицинасының қалыптасу кезеңіндегі маңызды кезеңдердің бірі болды. Ол өз заманының алдыңғы қатарлы маманы ретінде медицина саласына жаңа әдістер мен тәжірибелер енгізіп, халық денсаулығын қорғауға зор еңбек сіңірді. Оның есімі Қазақстан медицинасының алтын қорына енді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2173488-qazaq-dalasyndagy-tunggysh-darihana-ashqan-qazaqtan-shyqqan-dariger-muhamedzhan-qarabaev-turaly-ne-bilesiz/