Отбасы

Зектілері

"Тамашаның тарланы": Тоқсын Құлыбековтің өмірі және шығармашылығы

Жарияланған күні:

Тоқсын Құлыбеков
Тоқсын Құлыбеков. Фото: Abai.tv арнасының кадры

"Тамашаның" тарланы ретінде көпшіліктің жүрегін жаулаған Тоқсын Құлыбеков қазақ сатирасын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Бүгінгі мақаламызда өнер иесінің өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беруді ұйғардық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Тоқсын Құлыбеков 1951 жылы Талдықорған облысында дүниеге келіп, қазақ сатирасын дамытуға зор үлес қосқан әйгілі әртіс болды.
  • Ол Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік бөлімін бітіріп, Қазақ радиосында және "Тамаша" бағдарламасында жемісті еңбек етті.
  • Құлыбеков 1996 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" атағын алып, 1998 жылы қайтыс болды, бүгінде оның есімімен мектеп аталған.

Тоқсын Құлыбеков 1951 жылдың 20 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылында дүниеге келген.

"Жұлдыздар отбасы" журналы өнер иесінің балалық шағы туралы құнды деректер келтірген.

"Тоқсын әке-шешесінің жалғыз баласы боп өседі. Ата-анасы діндар кісілер болған. Әкесі әңгімешіл, шежірешіл жан болғандықтан, 4-сыныптан бастап, әкесі Тоқсынға "Батырлар жырын" оқытқан. Осыдан Тоқсын өнерге ерте сусындап өскен. 4-сыныпта "Мың бір түнді" оқыған Тоқсын басқа әлемге еніп кеткендей күйге түскен. Ол бала күнінен журналист болуды армандаған. Журналистика факультеті алмайды, филология факультеті өткізбеген соң Тоқсын ауылға келіп, ескі клубқа парторг болады", - делінеді мақалада.

Тоқсын Құлыбековтің жары Қарлығаш Оңалова да сұхбаттарының бірінде өнер иесінің отбасы мен балалық шағы туралы айтып берген. Оның сөзінше, Тоқсынның әкесі діндар адам болған екен, Алпамыс, Қобыланды жырларын оқуда зерек болған баласына оқытып өсірген. Сол жырларды Құлыбеков жатқа айтатын болған екен.

Тоқсын Құлыбековтің жас кезі
Тоқсын Құлыбековтің жас кезі. Фото: Abai.tv арнасының кадры

"Шай ішіп отырса да, тамақ ішіп отырса да, оның досы болмайсың, себебі оның басты досы кітап еді. Міндетті түрде күнделікті газет сатып алып, оқып жүретін. Абайды, Мұқағалиды жақсы оқитын", - деп еске алады жары Қарлығаш Оңалова.

Сөйтіп жүріп, Құлыбеков Алматыға келіп спектакль көретін болған. Оны клубқа ауылға апарып қойған. Осылайша жүріп, сахна өнерін меңгеріп алады. Тоқсын Құлыбек қазақтың Мемлекеттік ұлттық консерваториясының актерлық бөлімін бітірген.

"Біз оқуға 20 жасымызда түстік. 21-де үйлендік. Оны Семейге жіберген еді, бірақ ол барғысы келмей, Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз Тоқсынды Алматыда алып қалған. Тоқсын себебі бұл кезде "Қазақ радиосына" жұмысқа кірген кезі еді. Алайда сол күйі телевизияға түскен жоқ, фильмдерге түспеді, бұл оның өкініші еді", - дейді марқұмның жары Қарлығаш Оңалова.

"Қазақпарат" ХАА мәліметінше, Тоқсын қазақтың Мемлекеттік ұлттық консерваториясының актерлық бөлімінің түлегі. Ол "қазақтың Левитаны" атанған Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың алдынан дәріс алып, дикторлық мамандықтың қыр-сырына қанықты. Қазақ радиосының әуе толқынынан өтетін небір радиоқойылымдар мен әдеби-музыкалық хабарлардың жанын кіргізіп, шебер де сауатты оқи білген дарынын сол кездің өзінде тыңдаушылар мойындап үлгерген.

Тоқсын Құлыбековтің жас кезі
Тоқсын Құлыбековтің жас кезі. Фото: Abai.tv арнасының кадры

Қазақ радиосының "Алтын қорында" Тоқсынның орындауында 40-қа жуық хабарлар мен радиоқойылымдар сақталған.

Қазақстан телеарнасынан өз кезінде көрсетілген "Қымызхана", "Жебе" атты сатиралық журналдарда, "Алтыбақан" ойын-сауық бағдарламасында Тоқсынның ойнаған талай рольдері көпшілік көзайымына айналды.

1985 жылдан бастап "Тамаша" ойын-сауық отауына біржолата ат тізгінін бұрған Тоқсын Құдайберген Сұлтанбаев – Тұңғышбай Жаманқұлов, Уәйіс Сұлтанғазин, Мейірман Нүрекеев, Шолпан Байғабылова, Лидия Кәденова, Бақыт Айтова сынды тамаша дарындармен бірге көп жыл жемісті еңбек етті. Сатираның қазанында қайнап, көрерменін думанға бөледі, ел еркесіне айналды. Құлыбековтың көп жылғы ерен еңбегі еленіп, 1996 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" деген құрметті атаққа ие болды.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлбаушан Тілеубекова Тоқсын Құлыбековті еске ала отырып, оның тіл өткірлігін және шешендігін атап өткен.

"Көп кітап оқитын кісі болатын. Сол кісімен бірге сахнаға шығып жүргенімізде Тоқсын ағамыз таң атпай репетицияға келетін. Қолында міндетті түрде газет жүретін. Бүкіл жаңалықтың бәрін Тоқсын ағамыздан естіп отыратынбыз. Ағамды қатты сағынамын. Тоқсын аға өте адал кісі еді, досқа да, бауырға да өте адал болды", - дейді Тілеубеоква.

Тоқсын Құлыбеков 1998 жылы қайтыс болған. Бүгінде Жетісу облысындағы Кербұлақ ауданында Тоқсын Құлыбеков атындағы орта мектебі ашылған.

Саналы ғұмырын қазақ өнеріне арнап, осы жолда сатира саңылақтарымен жақын араласып, бірнеше рөлді бірлесе ойнаған. Өнер иесінің әр ойнаған рөлі мен сахналық образы әрқашан ел есінде.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2174958-tamashanyng-tarlany-toqsyn-qulybekovting-omiri-zhane-shygarmashylygy/