Табиғат құбылыстары: қар қалай пайда болады
Опубликовано:

Қар — табиғаттың әсем жаратылысы. Әрбір қар қиыршығы бір-біріне ұқсамайды. Жылдар бойы зерттеу жүргізген ғалымдар біріне-бірі ұқсас екі түйір қар қиыршығының да болмайтынын дәлелдеген. Бұл мақаламызда қардың қалай пайда болатыны және оның бірнеше атауы жайлы қызықты ақпарат ұсынамыз.
- Қар - атмосфералық жауын-шашын түрі, ауа температурасы 0°C-тан төмен болғанда түзіледі және әр түрлі формадағы мұз кристалдарынан тұрады.
- Қардың түсі көбіне ақ болып көрінеді, бірақ кейде көгілдір немесе қызыл түсте болуы мүмкін, бұл жарықтың шағылысуына байланысты.
- Қазақ тілінде қардың жүзден астам атауы бар, мысалы: ақша қар, жапалақ қар, күртік қар, сонар қар және т.б.
Қар қалай пайда болады?
Қар — әр түрлі формадағы мұз кристалдарынан тұратын атмосфералық жауын-шашын. Қар ауа температурасы 0ºС-тан төмен болғанда түзіледі. Қар ұлпасының салмағы бар болғаны — 1 милиграмм. Су буының сублимациясы нәтижесінде өте шағын (0,1-0,2 мм) кристалдар үлкейіп, қар жұлдызшаларына айналады. Атмосферадағы турбуленттік қозғалыстың салдарынан ауадағы қардың жеке жұлдызшалары бір-бірімен ұйыса бірігеді, яғни жерге жапалақ қар (диаметрі 8-10 мм) жауады. Қоңыржай ендіктерден бастап солтүстіктің және оңтүстіктің жоғары ендіктеріне қарай жайласқан аймақтарда қар көп жауғандықтан Жердің қар жамылғысы пайда болады.
nsidc.org сайтында жарияланған ақпаратты негізге алсақ, қардың жерге түсуі үшін атмосферада ылғал болуы қажет. Егер жердің беткі температурасы да осы деңгейде немесе одан төмен болса, қар жерге жетеді. Алайда жердің беткі температурасы мұз қату деңгейінен жоғары болғанда да қар жерге түседі. Мұндайда қар ұлпалары жылы қабатқа жеткенде ери бастайды, ал еріген кезде булану арқылы ауаны салқындатады, бұл қар ұлпасының еріуін баяулатады. Жердің беткі температурасы 5°C (41°F) немесе одан жоғары болса, қар түзілмейді.
Қардың түзілуі үшін ылғал қажет болғандықтан, қатты суық, бірақ өте құрғақ аймақтарда қар сирек жауады. Мысалы Антарктидада континенттің ең үлкен құрғақ аймағы бар. Құрғақ аңғарлар қатты суық болғанымен, ылғалдылығы өте төмен, ал күшті жел ауадан қалған ылғалды алып кетеді. Нәтижесінде өте суық аймақта қардың аз мөлшері ғана қалады.
Қар жауғаннан кейін еріп немесе булануы мүмкін, не болмаса ұзақ уақыт бойы сақталып тұруы ықтимал. Егер қар жер бетінде ұзақ уақыт бойы сақталса, оның құрылымы, түйіршіктерінің мөлшері мен формасы тіпті температурасы қату деңгейінен төмен болғанда да өзгеруі мүмкін. Сондай-ақ уақыт өте келе қар еріп, қайтадан қатып, кейінгі жауған қардың салмағымен тығыздала түседі.
Қыс мезгілінде қар жамылғысы біртіндеп жинақталып, күрделі қабатты құрылым пайда болады. Бұл құрылым әр түрлі қар түйіршіктерінен тұрады, олар қар жауған кездегі ауа райы мен климат жағдайын, сондай-ақ уақыт өте келе қар жамылғысындағы өзгерістерді көрсетеді.

Қардың түсі
Әдетте қардың түсі біркелкі ақ болып көрінеді. Бұл құбылыс көзге көрінетін жарықтың түсімен байланысты. Көзге көрінетін жарықтың көп бөлігі қар немесе мұз бетіне түсіп, қайта шағылысады, бұл жарық белгілі бір түске басымдық бермейді. Табиғи материалдардың көпшілігі күн сәулесінің бір бөлігін сіңіреді, бұл олардың өзіне тән түсін қалыптастырады. Алайда таза қар күн сәулесімен шағылысады, сондықтан ақ түсті болады. Қар жамылғысының атмосфераға күн сәулесін қайта шағылыстыруы қар альбедосы деп аталады. Дегенмен қар кейде көгілдір түсте көрінуі мүмкін. Жарық толқындары қар немесе мұзға енгенде, мұз түйіршіктері жарықты көп мөлшерде шашыратады. Жарық белгілі бір қашықтыққа таралғанда ол көптеген шашырау процесінен өтуі керек. Яғни, ол әр жолы шашырап, сіңірілмей қалады.
Жарық қар түйіршіктерінен бірнеше рет шашырап шыққаннан кейін беткі қабаты адамның көзіне ақ түсте көрінеді. Бірақ сіңіру процесі біркелкі емес: қызыл түсті жарық көгілдірге қарағанда көбірек сіңіріледі. Сіңіру айырмашылығы аз болғанымен, жарық ұзақ қашықтыққа мысалы, бір метр (3,3 фут) немесе одан көбірек таралса, қар қабатынан шығатын фотондар негізінен көгілдір жарық болып келеді. Мысалы қарға шұңқыр жасап, ішіне қарасаңыз, көгілдір түсті көре аласыз. Мұндай жағдайда көгілдір түстің көрінуі — қар немесе мұз қабаты арқылы жарықтың ұзақ қашықтыққа таралуының нәтижесі. Қар немесе мұз қабатын сүзгі ретінде елестетсеңіз, оның қалыңдығы 1 сантиметр (0,39 дюйм) болса, барлық жарық өтеді, бірақ шамамен бір метр (3,3 фут) болғанда көгілдір жарық қана өтеді.
Қар қабатындағы бөлшектер немесе ағзалар да қардың түсіне әсер етуі мүмкін. Тіпті кей аймақтарда қар қызыл немесе қызғылт түсті болып көрінеді. Мұндай қарды тек биік тау бөктерінен, полярлық аймақтардан ғана кезіктіре аласыз. Қардың бұл түрін көргендердің айтуынша, оның дәмі қарбызға ұқсайды, сондықтан "қарбыз қар" деп аталады. National Snow and Ice Data Center сайтындағы деректерге сүйенсек, мұндай қар әдетте жаз мезгілінде альпілік аймақтарда және жағалаудағы полярлық өңірлерде жиі кездеседі. Қар кәмпит тәрізді көрінсе де, оны жеу қауіпті.
Қызыл түсті қар қай жерлерде кездеседі? Антарктиданың Тейлор мұздығындағы "Қанды сарқырамада" қызыл түсті қар жатады, бірақ оның себебі мүлдем басқа. Мұндағы қызыл түс терең мұздықтың астындағы ежелгі қордан ағып шыққан тұзды судан пайда болады. Бұл судың құрамында темірдің ерекше түрі бар, ол атмосферамен әрекеттескенде тотығады.

Қазақ халқында қардың қанша атауы бар?
Қазақ халқы табиғаттың әрбір құбылысына ерекше атау бере білген. Мәселен, қазақ тілінде қардың жүзден астам атауы бар. Солардың бірнешеуі мыналар:
- Ақша қар — жаңа жауған таза қар.
- Алақанат қар — бір аумаққа жауып, бір аумаққа жаумай, жерге ала түскен қар.
- Анжыр — қардың еріп қатуы. Қарғынға аралас қатқан қарлы мұз.
- Боз қырау — күзгі күні тоңазудан болатын щық.
- Жапалақ қар — ірі түйіршікті жапырақтап жауған қар.
- Жылбысқы қар — ери жауған қар.
- Көбік қар — жерге түскенде астыңғы қабаты ери беріп, беті көпіршіген жұмсақ қар.
- Күпсек қар — қалың жауған ұлпа қар.
- Күртік қар — беті қатқан, жаяу жүргенде ақсақ ойылатын қалың қар.
- Қасат қар — ұзақ жатқан қалың қар.
- Қиыршық қар — жентектелген түйіршік қар.
- Қылау — ауадағы су буынан немесе салқын тұман тамшыларынан түрлі зат бетіне, ағаш бұтақтарына қонатын мұз қабаты.
- Қырау — суық күзде тоңазыған дымқыл ауаның бір нәрсеге қар тәрізді ағарып қонған түрі.
- Қырбық қар — жұқа жауған қар.
- Мұздақ қар — үстін мұз торлаған, көкшіл түсті, беті жылтыр сырғанақ қар.
- Омбы қар — ат бауырлайтын қалың қар.
- Сонар қар — алғаш жауған қалың қар.
- Сүрі қар — ерте түсіп, ерімей, қыс бойы қалыңдаған, тозаң топырақ сіңіп, беті күлгін тартқан нығыз қар.
- Сіреу қар — ұзақ мезгіл мызғымай жатқан аяқ бастырмас, көлік жүрісіне бөгеу қатты қалың қар.
- Ұлпа қар — түйіршіктері үлбіреген жеңіл үлпек қар.
- Үйме қар — боранды жел сырғытып, бір жерге тау-төбе болып үйілген қар.
- Үрме қар — жел үрлеп, жиынтықтаған тығыз қар.
Қар туралы қызық деректер
qazaqstan.tv ұсынған ақпаратта кішкентай қар түйіршіктері бір-біріне мүлдем ұқсамайтыны айтылған. Қардың 90 пайызы ауадан тұрады. Сол себептен ол жерге өте баяу түседі, сағатына 0,9 шақырым. Ал жер бетіндегі ең суық мұздың температурасы -60 градусқа жетсе, ең жылысы 0 градусқа тең.
Қар судың бетіне түскенде өте жоғары жиіліктегі дыбыс шығарады. Оны адам құлағы ести алмайды, тек балықтар ғана мұндай дыбысты қабылдай алады және олар ол дыбысты жек көреді екен.
1944 жылы 30 сәуірде Мәскеуде адамның алақанындай үлкен қар жауған. Ал historyandheadlines.com мәліметіне сүйенсек, әлемдегі ең үлкен қар түйіршігі АҚШ-та 1887 жылы 28 қаңтарда тіркелген. Оның ұзындығы – 38 сантиметр, ені – 20 сантиметр.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/family/school/2176652-tabigat-qubylystary-qar-qalai-paida-bolady/