Отбасы

Зектілері

Туған күн қашаннан бері тойланады: туған күн тойлау тарихын білесіз бе

Жарияланған күні:

Торт пен сыйлықтар
Торт пен сыйлықтар. Көрнекі фото: freepik.com

Туған күнді тойлау алғаш рет Ежелгі Мысырдан бастау алған, онда да туған күнді перғауындар мен патшалар, сондай-ақ олардың мұрагерлері ғана атап өткен. Туған күн тарихына қатысты басқа да деректерді материалдан оқыңыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Туған күнді тойлау дәстүрі Ежелгі Мысырдан бастау алған, оған б.з.б. 3000 жылдарға тән жазбаша деректер куә.
  • Туған күн атрибуттары – шырақтар, торт, гүл – әртүрлі тарихи және мәдени дәстүрлерден шыққан.
  • "Happy Birthday to You" әні 1893 жылы пайда болып, кейіннен әлемдегі ең танымал әндердің біріне айналды.

"Наука и жизнь" басылымында жарық көрген мәліметке сүйенсек, Мысыр перғауындары туған күндерін тойлағаны туралы алғашқы жазбаша деректер шамамен б.з.б. 3000 жылдарға тиесілі. Сарайда ұйымдастырылған той-думанға ақсүйектерден бөлек қызметшілер мен құлдар да қатыстырылған. Перғауынның туған күніне орай көбінде тұтқындар түрмеден босатылған.

Ұзақ уақыт бойы әйелдердің туған күні тойланбаған, тіпті жазылмаған да. Тариха алғаш болып туған күнін тойлаған әйел – Мысыр патшайымы Клеопатра II (б.з.д. 185-116).

Ежелгі гректер құдайларының туған күнін жылына 12 рет тойлаған (мысалы, Ай және аң құдайы Артемиданың туған күні әр айдың алтыншы күні тойланатын). Қарапайым адамдарға келер болсақ, үйдің отағасының ғана туған күні тойланған, әйелдер мен балаларға аса көңіл бөлінбеген.

Ежелгі мысырлықтардың туған күн тойлау дәстүрі бірті-бірте Ассирияға таралып, онда патшаның мерейтойы құрметіне керемет мерекелер ұйымдастырыла бастаған.

Орта ғасырларда жеке туған күндерді тойлау әдеті біраз уақытқа дейін ұмыт болған. Amprio сайтының жазуынша, оған бір жағынан христиан шіркеуінің пұтқа табынушылық әдет-ғұрыптарды құп көрмегені себеп болса, екінші жағынан Иса пайғамбардың ізбасарларының жердегі әлемді қайғы-қасірет деп санауы әрі олар адамның туған күнінен ешқандай қуаныш көрмеуі себеп болған.

XII ғасырға қарай приходтарда балалардың туған күні мен шомылдыру рәсімінен өткен күндері жазылған кітаптар пайда болды. Содан бері еуропалықтар барлық отбасы мүшелерінің туған күнін тойлай бастады.

Ресейде туған күнді салтанатты түрде тойлау дәстүрі шамамен XVII ғасырда пайда болып, уақыт өте келе кең ауқым ала бастаған. Туған күн тойлау әдеті кейін біртіндеп қазақ даласына ене бастаған.

Туған күн атрибуттары қалай пайда болған?

Бүгінде туған күнді тәтті торт, шырақтар, гүл және сыйлықтарсыз елестету мүмкін емес. Бұл заттар қалай бүкіл әлем бойынша туған күн мерекелерінің ажырамас бөлігіне айналды?

Шырақтар

FloMarket сайтында жарияланған деректерге сәйкес, туған күн шырақтарын ежелгі гректер ай құдайы Артемиданы мадақтаған кезде пайдаланған. олар жыл сайын ғибадатханадағы құрбандық үстеліне жанып тұрған шырақтармен безендірілген торт сияқты нәрсе әкеліп қоятын болған. Олар шырақтардың түтіні құттықтауларды құдайларға жеткізуге көмектеседі деп сенген. Осылайша, шырақты үрлеп өшіргенде, түтенмен тілектер құдайға жетеді деген сенім болған.

Қыз торттағы шырақты үрлеп тұр
Туған күн иесі. Көрнекі фото: freepik.com

Торт

Торт туған күндердің символына айналғанға дейін де болған. Торт жеу дәстүрі шамамен 18 ғасырдың аяғында Киндерфест мерекесін тойлай бастаған немістерлен бастау алады. Ол мерекенің мәні әр жасқа сай тортқа шырақ қойып, тілек тілеп, үрлеу болған.

Гүл

Туған күнге сыйлық іздегенде ең алдымен ойымызға гүл орала кетеді. Бұл дәстүр де бізге ежелгі заманнан жеткен.

Кейбір халықтар туған күн иесіне оның рухын тыныштандыру және құрмет көрсету үшін гүл әкелсе, ал кейбіреулері гүлдер жақсы ниетті білдіреді деп түсінген. Туған күн иесіне қандай да бір гүл түрін сыйлау арқылы сіз оның өміріне қажет деп тапқан дүниеңізді сыйлағандай боласыз. Мәселен, раушан махаббатты білдірсе, тегеурінгүл отбасындағы татулықты, бақытгүл ана бақытын әкеледі деген сенім болған.

"Happy Birthday to You" әні

1893 жылы Милдред Хилл есімді балабақша тәрбиешісі күн сайын балаларды қарсы алу үшін "Баршаңызға қайырлы таң" атты әуен шығарады. Балалар мереке күндері әдемі әуенге "Туған күніңмен" деген сөзді қосып айта бастаған.

1931 жылы радио пайда болған кезде бұл ән Бродвей шоуында пайдаланыла бастаған. Кішігірім даудан соң Милдред Хилл әнге авторлық құқық иеленген. Кейін Гиннестің рекордтар кітабы бұл әнді әлемдегі ең көп орындалатын әндер үштігіне енгізді.

Сонау мысырлықтардан бастау алған туған күн тойлау дәстүрі бүгінде әлемнің барлық дерлік елінде кездеседі десек қателеспейміз. Басқа дәстүрлер секілді бұл әдеттің де бастапқы мәні жойылып, туған күн иесін құттықтау, жақсы тілектер айтып, сыйлық табыстап, атаулы күнді көңілді өткізу сынды сипатқа ие болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2184678-tugan-kun-qashannan-beri-toilanady-tugan-kun-toilau-tarihyn-bilesiz-be/