39 жасында атылып кетті: озық ойлы Темірбек Жүргеновтің елге сіңірген еңбегі қандай
Жарияланған күні:

Темірбек Жүргенов – Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қаламы қарымды сыншы, көсемсөз иесі, қырыққа жетер-жетпес қысқа ғұмырында қазақ елінің болашағы жолында тағдыр талайына қарсы тұрған күрескер. Бұл материалда зерттеуші-ғалымдар еңбегіне сүйене отырып, қайраткердің өмір жолын, еліне еткен еңбегін зерделеп көрдік.
- Темірбек Жүргенов – Қазақстан мен Орта Азияның оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының дамуына зор үлес қосқан аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.
- Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметін атқара жүріп, жүздеген мектеп салдырып, алғашқы музыка театрын ұйымдастырып, бірнеше жоғары оқу орындарының салуына ұйытқы болған.
- Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Темірбек Жүргенов небары 39 жасында, 1938 жылы 25 ақпанда атылып кеткен.
"Темірбек Жүргенов дегенде 1927 жылы Ташкентте ұйымдасқан алғашқы Қазақ педагогикалық институтының (Абай атындағы ҚазҰПУ) тұңғыш ректоры, Тау-кен институтын (Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды құру, жаппай сауаттандыру, 10 жылдық білім берудің күні бүгінге дейін үзілмеген желісі еске түседі, Темірбек Жүргенов дегенде 30-жылдар басында Голощекин лаңынан кейін тұралап жатқан ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртіп 400 мектеп салдырып, қазақтың "Луначарскийі" атанған Ағарту комиссары еске түседі.
Т.Жүргенов дегенде тұңғыш ұлттық опера өнерін дүниеге келтірген білікті басшы, 1936 жылғы Мәскеудегі сәтті өткен қазақ өнер декадасы, "Шахнаманың" тұңғыш қазақшаға аударылуы, "Хан Кене", "Жалбыр", "Шұға" пьесаларының алғаш көрсетілімдері, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін өзі басқаратын мәдениет комитетінің қарауына алған ұлтжанды азамат ойға оралады. Осындай іргелі, игілікті істерді басқарып жүріп, артынан мол әдеби-публицистикалық еңбектер қалдырған", деп жазады зерттеуші-ғалым Бауыржан Иманғалиев "Темірбек Жүргенов" атты зерттеу еңбегінде.
Туған жері, шыққан тегі
Темірбек Қараұлы Жүргенов 1898 жылы қазіргі Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Жүргенов атындағы серіктестік жерінде (бұрынғы "Жаңаталап" кеңшары) дәулетті отбасында дүниеге келген.
Әкесі Қара Жүргенұлы Ырғыз бен Сыр бойы аралығын жайлаған қалың елге белгілі, ел ұстаған билік иесі, өз заманының талабын аңғара білген көзіқарақты жан болған. Бірнеше рет болыс болып сайланған Қара 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, Қарқаралы уезіне үш жылға жер аударылады. 1934 жылы Ырғыз бойынан біржола Қармақшыдағы ауылына көшіп келеді. Үш жылдан кейін, 1937 жылғы 15 қыркүйекте ату жазасына кесіледі, үкім он күннен кейін Қызылорда қаласында орындалады. Қараның екінші әйелі, Темірбектің анасы Жәніш Арқа жақтың қызы болған. Анасы "Темірші" деп еркелеткен ұлына зор үміт артқан.
Алғашқы ұстаздары, білімі
Темірбек басқа ауыл балалары сияқты әуелде ауыл мұғалімі Мұхамеджаннан сабақ алады. Кейіннен шығыс тілінің білгірі, танымал ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтен оқуын жалғастырып, шығыс әдебиетімен терең танысады. Тұрмағамбет ақыннан алған білімі, әсіресе тәжік және ескі өзбек тілдерін үйренуі Темірбек Жүргеновке Тәжікстан мен Өзбекстанда қызмет еткен кезде кәдеге асады.

Әкесі Қара озық ойлы адамдардың бірі болғандықтан, баласының орысша білім алуын ойлап, оны он жасында екі сыныптық "Аламесек" мектебіне оқуға береді. Темірбек Жүргенов Аламесектегі оқу орнында демократиялық көзқарастағы мұғалімдер – Омар Сатаев, Досмұхамбет Букин секілді ұстаздардан білім алады.
Осы ретте зерттеуші-ғалым Иманғалиев Темірбекке ұстаздарының тигізген ықпалы туралы былай жазады:
"Жас Темірбектің ұстаздар жағынан да жолы болды. Осылардың ішінен екі кісіні – Сыр бойының белгілі ағартушы-ақыны Тұрмағанбет Ізтілеуұлы мен Аламесек орыс-қазақ мектебінде сабақ берген, қазақ тарихындағы алғашқы орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктің авторы Досмұхаммед Букинді атап айту жөн. Алғашқы ұстазының шарапатты әсерімен жас бала бірнеше шығыс тілін меңгеріп, шығыс мәдениетінің жауһарларымен жастай танысса, соңғы ұстазының көмегімен Еуропа мәдениетін, соның ішінде орыс мәдениетін, әдебиетін, тілін, осы қоғамдағы озық революцияшыл идеяларды терең игерді. Сөйтіп, Т.Жүргеновтың дүниетанымында шығыстық және еуропалық дүниетаным кіріге тоғысып, біртұтас рухани дүниеге ұласты. Қайраткер-қаламгердің көзқарас эволюциясындағы осы ерекшелік соңыра оның мәдени құрылысқа, ағарту саласына байланысты мәселелер түйінін әрі тез, әрі дұрыс тарқатып отыруына көп көмегін тигізді".
Темірбек Аламесек мектебін 1913 жылы бітіріп шығып, сол жылы Перовскідегі (Қызылорда) Суханский атындағы қалалық жоғары орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. Бұл училищені бітіріп шыққан соң Уфадағы жер өлшеу училищесіне түседі. Алайда учиище 1918 жылы жабылып қалғандықтан, оқуы аяқсыз қалады. Ал Темірбек осы жылдан бастап Кеңес органдарында қызмет істей бастайды, "Қазақ" газеті сияқты халық мұқтажын сөз еткен "Қазақ мұңы" газетін шығару ісіне көмектеседі. Бұл газет атаман Дутов Орынборды басып алғаннан кейін шықпай қалады. 1919 жылы "Ұшқын" газеті шыға бастайды. Темірбек Жүргенов "Ұшқынды" шығаруға да атсалысады.
Еңбек жолы және қайраткерлігі
Азамат соғысы жылдары Темірбек Жүргенов Кенжеқара болыстық төңкеріс комитетінің, кейін Ырғыз уездік төңкеріс комитетінің, 1921 жылы уездік Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады.
1921 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетіне түседі. Екі жылдан кейін бұл оқу орнын бітіріп, сол жылдардағы ең беделді оқу орындарының бірі – Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік университетіне жолдама алып, 1923 жылы осы университеттің заң факультетіне түседі. Екінші семестерден бастап Қазақ АССР-ның Түркістан Республикасындағы Өкілетті өкілі болып тағайындалады, сонымен қатар Қазақстан және Түркістан Орталық Атқару Комиттеріне мүше болып сайналады. Бұл жауапты қызметтер оған Орта Азия, Қазақстан тарихын, ондағы этникалық процестерді экономикалық және мәдени даму үрдістерін терең зерттеуге ықпал етеді. Сол зерттеулері негізінде 1924 жылы "Орта Азия республикасындағы қазақ халқының күйлері" деп аталатын тарихи-этнографиялық очерктерін жариялайды.
1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.Бартольд, профессор С.Малов секілді атақты ғалымдарды Мәскеуден арнайы шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салады. 1929-1930 жылдары – Тәжікстанның Қаржы комиссары, 1930-1933 жылдары – Өзбекстанның Халық ағарту комиссары, 1933-1937 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметтерін атқарады.
Темірбек Жүргенов лауазымды қызметтер атқара жүріп, ұлт мәдениеті мен әдебиетін, өнерін дамытуға зор үлес қосқан.
- Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына Сәкен Сейфуллин, Санжар Аспандияров, Құдайберген Жұбанов, Ғабит Мүсірепов, Әбліда Тәжібаев сияқты қайраткер-қаламгерлерді тартты.
- Ағарту жөніндегі халық комиссариатына жаңа нарком келісімен жедел қолға алған негізгі шаруаларының бірі мектеп ісін жақсарту мәселесі болды. Жаппай сауатсыздықты жоюға арналған оқулықтар мен көмекші құралдардың әзірленуін ұйымдастырып, көптеп шығарылуына қамқорлық етті.
- "Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы" қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына ықпал етті. Республикада жүздеген жаңа мекен-жай оқушыларға есігін айқара ашты. Тек Алматының өзінде 18 мектеп ғимараты салынды. Ондаған мың оқулық жарық көрді.
- Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры) ұйымдастыруға үлес қосты.
"Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз" (Құрманбек Жандарбеков).
- 1934 жылы Алматыда алты бірдей жоғарғы оқу орнының құрылысын бастап, Қазақстан мәдениеті мен білім беру саласында төңкеріс жасаған тұлға, ағарту саласының алғашқы министрі. Талапшыл болғандықтан "Темір нарком" атанып кеткен.
- 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының Бірінші өнер слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін өткізудің басты ұйымдастырушысы болды.

- 1928 жылы жазылғанымен, сахналауға рұқсат берілмей келген Мұхтар Әуезовтің "Хан Кене" пьесасын алғаш драма театры репертуарына енгізген. Спектакль 1934 жылы мамырда қойылды . Спектакль премьерасынан кейін орыс тілінде "О пьесе "Хан Кене" и ее критиках" деген мақала жазып, оны "Казахстанская правда" газетіне бастырған.
- Қазақ әндері туралы А.В.Затаевичке көптеген мәлімет берді.
- 1935 жылы Қазақстандағы кино ісін ұйымдастыру туралы қаулыға қол қойған. Осы қаулы Қазақстанның өз киностудиясының дүниеге келуіне себеп болды. 1936 жылдан бастап алдымен Алматы кинохроника студиясы, кейінірек көркемсуретті фильмдер студиясы жұмыс істей бастайды. Ал 1945 жылы осы екі студия бірігіп, Алматы көркемсуретті және хроникалық-деректі фильмдер студиясына айналады. Қазіргі "Қазақфильм" киностудиясының тарихы осылай басталған.
- 1938 жылы экранға шыққан "Амангелді" фильмінің түсірілуіне зор еңбек сіңірген.
"Халық Ағарту комиссары екі тілде бірдей жазған алғашқы билинг қайраткер-қаламгерлеріміздің бірі болды. Тілді жазушы еңбегінің құрылыс материалы ғана емес, мәдениеттің, білімнің іргетасы деп білген ол тіл туралы айтыстан шет қалмай, сол өредегі білікті де салмақты пікірлерін көп талқысына салып, ең бастысы, практикалық бас-шылық саласына көшіріп отырған" (Бауыржан Иманғалиев).
- Жүргеновтің әзірге 7 кітап, 150-ден аса әдеби-публицистикалық мақала жазғаны белгілі.
- 1924 жылы "Қызыл Қазақстан" журналының №4 санында жарияланған "Меруерт" әңгімесі XX жылдардағы әйел теңдігі мәселесіне арналған. М.Әуезовтің "Қорғансыздың күні" әңгімесімен үндес.
- 1925 жылы Ташкентте қызметте жүріп тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан "Терме" деген жинақ құрастырды. Оған Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов т.б. авторлардың шығармаларын кіргізіп, Шернияз, Едіге, Базар жырау т.б. туралы құнды мәліметтер берген.
Елі үшін аянбай еңбек еткен есіл ер небары 39 жасында, 1938 жылы 25 ақпанда атылып кете барды. Өзі ғана емес әкесі Қара, бауырлары Досжан мен Қосжан да сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны болды, жары Дәмеш Ермекова да қудаланған.

Жүргенов РСФСР Қылмыстық Кодексі 58-бабының 1-А, 6,7,8,9,11 тармақтарымен айыпталды. "Темір наркомның" соңғы күндері" деген мақалада келтірілген дерек бойынша оған "1926-1927 жылдан бастап ұлтшыл-антикеңестік ұйым құруға қатысты, ұйымға жаңа мүшелер тартты, 1930 жылғы Қарақұм көтерілісін ұйымдастырды, өзі жетекшілік еткен диверсиялық топтар көмегімен 1936 жылы Қазақ университеті ғимараты мен баспаханасын өртеді, оқу-ағарту саласында зиянкестерді жинады" деген ауыр айыптар тағылды. 1938 жылы 25 ақпанда кешкі сағат 18.40-та басталған КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының бірінші көшпелі отырысында Темірбек Жүргенов ату жазасына кесілді. Сот бар-жоғы 40 минутқа созылды. Үкім мәжілістен кейін орындалды".
Қайраткер есімі 1957 жылдың 18 сәуірінде толығымен ақталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2185239-39-zhasynda-atylyp-ketti-ozyq-oily-el-qairatkeri-temirbek-zhurgenovting-elge-singirgen-engbegi-qandai/