Аяз ата туралы тақпақтар топтамасы
Жарияланған күні:

Аяз Ата – жаңа жыл мерекесінің басты кейіпкері. Ертегі іспетті қуанышқа толы сәттерді балалар асыға күтеді. Ақ сақалды Аяз ата бейнесі жыл сайын балаларға сыйлықтар әкеліп, үйлер мен көшелерді ертегі әлеміне айналдырады. Бұл мақалада Аяз Ата туралы тақпақтар топтамасын ұсындық. Бұл тақпақтар арқылы жаңа жылды ерекше көңіл-күймен қарсы алып, балаларды қуанта аласыз.
- Мақалада балаларға арналған Аяз Ата туралы тақпақтар топтамасы ұсынылған.
- Тақпақтар балабақшадағы және мектептегі балаларға арналған, оларды жаңажылдық ертеңгіліктерде айтуға болады.
- Тақпақ жаттау арқылы балалар жаңа жылды қуанышпен қарсы алып, шығармашылық қабілеін дамытады.
Бұл жазбада Аяз ата туралы бірнеше тақпақ ұсынылды. Оның ішіне мектептегі және балабақшадағы балаларға арналған тақпақтар бар. Дереккөз ретінде zharar.com, arular.kz ақпараттық-танымдық порталдарындағы авторлардың шығармалары қолданылды.
Балабақшадағы балаларға арналған тақпақтар
Әдетте балабақшадағы балалар үшін жеңіл әрі қысқа-нұсқа жазылған тақпақтарды жаттату оңай. Сондықтан біз ұсынған нұсқадағы тақпақтарды айтуға болады.
Жаңа жыл келгенде,
Қуанып қарсы аламыз.
Аяз Ата келгенде,
Билейміз, ән саламыз.
***
Аппақ тонға оранып,
Базарлықты мол алып.
Келді алыс сапардан
Аяз ата оралып.
***
Кең пейілді, мол мейірлі,
Сағынышпен табысқан.
О! Алақай! Аяз ата
Келе жатыр алыстан!
Кел билейік! Үйренейік!
Ол келгенше жаңа жыр.
Құтты болсын! Құтты болсын!
Құтты болсын жаңа жыл!
***
Сақалы аппақ күмістей,
Тістері аппақ күріштей.
Қызыл ала шапанды,
Сағындым Аяз атаны.
***
Біздің балабақшада,
Шырша тойы болады.
Аяз Ата! Ақшақар!
Біздермен мәз болады.
***
Тамаша ғой қыс деген,
Қуанады бар бала.
Шырша тойын тойлайды,
Аяз Атамен қосыла.
***
Тақпақ, өлең жаттадық,
Би үйрендік көрсін деп.
Аяз Ата шаттанып,
Бізге риза болсын деп.
***
Ақ таяғын таянып,
Таңмен бірге оянып.
Аяз ата келіп тұр,
Ақ күпіге оранып.
***
Ақ қырауға малынған,
Сақалы да мұрты да.
Аяз ата сағынған,
Сәлем берді жұртына.
***
Көрдің бе Аяз атаны?
Аппақ екен сақалы.
Аппақ екен мұрты да,
Аппақ екен шапаны.
***
Кетті көңіл шалқып-ақ,
Жұлдыздардай жарқырап.
Аяз ата үстінде
Ақшақар тұр жалтырап.
***
Аяз ата ақ таяғын,
Таянып таңмен оянып.
Аяз ата келіп тұр,
Ақ күпіге оранып.
Ал балалар, тұрмайық,
Би билейік, ойнайық.
Аяз ата қуансын,
Дөңгеленіп зырлайық.
***
Аяз ата тыңдаңыз,
Тақпақ айтып берейік.
Ортамызда шыршамыз,
Ойнап бірге, күлейік.
***
Кел, балалар, тақпақты,
Тақылдатып айтайық!
Аяз ата таң қалсын,
Сыйлық алып қайтайық!
***
Аяз ата жол салып,
Ақ боранмен алысқан.
Балаларға базарлық,
Алып келді алыстан.
***
Мол сыйлықпен келер ол,
Шырқатып ән салар ем.
Жылдамырақ келсе екен,
Бізге сыйлық берсе екен.
***
Қалып едік сағынып,
Күтіп алдық жабылып.
Жолын қойдық жарық қып,
Шыршаларға шам іліп.
***
Кел, жаңа жыл, біздерге!
Кел жаңа жыл, жаңа жыл!
Қызыл ала шапаны,
Сағындым Аяз Атаны.

Мектептегі жаңажылдық ертеңгілікке арналған тақпақтар
Мектептегі жаңажылдық іс-шараларда қандай тақпақ айтуға болады? Мына нұсқалар әдеттегі тақпақтардан өзгешелеу болады:
Жаңа жылдың бейнесі,
Аяз ата барсыз ба?
Жаңа жылды тойлатар,
Бір ерекше жансыз ба?
Сіз деп тақпақ айтамын,
Тұрып алып қасыңа.
Суретке бір түсейік.
***
Аяз ата келіңіз,
Дайын сізге төріміз.
Тақпақ айтам, ән айтам,
Сыйлығымды беріңіз.
***
Құтты болсын жаңа жыл,
Аяз ата әнекей.
Ән айтайық, билейік,
Ал достарым қәнекей!
***
Аяз ата ақ сақалды,
Ақ таяқты паң ата,
Асып өтіп асқар тауды
Жеттің бізге таң ата.
***
Аяз келді қаһарлы,
Айналаны қар жапты.
Ақ тон киіп орман тұр
Дәл атамдай салмақты.
***
Қайда қызық думан болса,
Аяз ата сонда болды.
Балалармен бірге ойнап
Балалармен бірге қонды.
***
Аяз ата ойды қырды,
Аралап жүр түгел шолып.
Қарсы алғалы жаңа жылды,
Ол да көптің бірі болып.
***
Ақ қырауға малынған,
Сақалы да, мұрты да.
Аяз ата сағынған,
Сәлем берді жұртына.
***
Жаңа жылды қарсы алдың,
Мініп алып күймеге.
Мен де бүгін ән салдым,
Араластым биге де.
***
Аяз ата шана жеккен бұғымен,
Жаңа жылдың жүгімен.
Бір ақсақал келді де,
Таратты сыйлық түнімен.
Жаңа жылдың есігін,
Ащы тәтті несібін
Ашып берер ақсақал —
Аяз ата – есімі.
Аяз ата мырза екен,
Бала біткен ырза екен.
Сыйлық дорба жыл бойы
Осы жерде тұрса екен.
Аяз ата туралы тақпақтар балаларды қуаныш пен үмітке толы жаңа жылға дайындап, мерекелік көңіл-күйді көтереді. Тақпақ жаттау арқылы балалардың шығармашылық қабілеті дамып, тіл байлығы артады. Сонымен қатар жаңа жылдағы отбасылық мереке жылулық сыйлап, баланың есінде мәңгі сақталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2195999-aiaz-ata-turaly-taqpaqtar-toptamasy/