Ежелде алтыннан жасалған бұйымдарды кім таққан: алтын туралы қызық деректер
Жарияланған күні:

Алтын - ежелден саудаға қолданылатын ақша ғана емес, сонымен бірге әшекей бұйым ретінде де кеңінен танымал болған бағалы асыл тас. Көнеде адамдардың бойындағы алтынына қарап, оның қай тапқа жататынын білген. Ежелгі заманда алтыннан жасалған бұйымдарды кім таққан? Бүгінгі материалдан білетін боламыз.
- Алтын адамзат тарихында маңызды рөл атқарып, ежелгі Мысыр, Греция және Рим империяларында әшекей бұйым ретінде қолданылған.
- Көне заманда алтын әшекейлерді негізінен жоғары тап өкілдері, ауқатты адамдар таққан және олар адамның қоғамдағы мәртебесін көрсеткен.
- Қазақ даласында да алтын бұйымдар кеңінен қолданылып, Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" сияқты тарихи жәдігерлер арқылы ежелгі зергерлік өнер мен мәдениет туралы құнды мәліметтер алуға болады.
Адамзат тарихындағы алтынның рөлі
Алтын - жер бетінде өте сирек кездесетін метал болғанымен, адамзат тарихындағы ең құнды металл болып қала бермек. Ағылшынша - Gold, ал французша Or, ғылыми тілде Aurum деген атқа ие болған ол - көне заманнан келе жатқан жеті металдың бірі.
Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультеті ұсынған деректерге сай, алтын адамзат баласы тас дәуірінде танысқан ең алғашқы металдардың бірі екен. Ғылыми тұрғыда оның негізгі белгілеріне - ауырлық, сары жылтыр болуы, тот баспау сынды сипаттамалар жатқызылады.
Б.з.д. IV және V ғасырларға жатқызылатын алтыннан жасалған бұйымдар археологтармен өткен ғасырлардың бастапқы жылдарында табылған. Ғалымдар б.з.д. III және II мыңжылдықтарда алтын Египет, Месопотамия, Үндістан, Қытай және Еуропа елдерінде аса танымал болғандығын айтады.
Ғылыми зерттеулерге сәйкес, алтын әлемдік тарих пен мәдениет тарихында мыңдаған жылдар бойы маңызды рөл атқарған. Мыңдаған жылдар бойы түрі валюта түрі пайда болып жойылғанымен, алтын күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін ғасырлар бойы сақтап келеді.
Ежелгі дәуірде алтынның көп болуы мемлекетке дәулетпен бірге қауіп те төндірген. Оған дәлел, тарихта алтын үшін болған, шығыны миллионнан астамды құраған соғыс пен шайқастар болып табылады.

Ежелгі елдерде алтын әшекей бұйымдарды кім таққан
Зергерлік бұйымдар тарихы алтыннан басталған. Аталған бағалы металдан әшекей бұйым жасаған елдердің бірі - Мысыр елі. Дәл осы Египетте алтыннан алғашқы сақина, сырғалар мен алқалар, тіпті білезіктер де жасалған екен. Мысыр елі, сонымен бірге, әлемдегі тұңғыш зергерлер пайда болған мемлекет ретінде тарихта қалған.
Зерттеушілер әшекей бұйымдар ежелде адамдардың қай тапқа жатқандығын көрсеткен дейді. Бастапқыда оларды тек жоғары каста өкілдері ғана таққан. Көнеде адамзат алтыннан жасалған бұйымдардың қасиеті бар әрі ол өз иесін жамандықтан, тіл-көзден сақтайды деп сенген. Мұндай наным-сенім күні бүгінге дейін сақталған.
Алғаш алтыннан жасалған неке жүзігін таққан да мысырлықтар болған. Сонымен бірге ежелгі египеттіктерде алтын білезік, салбыраған сырғалар сәнде болған. Мысырлықтардың бай-қуатты екенін оның бойындағы алтынға қарап білген. Алтын көп болған сайын, оның байлығы да көп деп саналған.

Алтын әшекей бұйымдарды ежелде грек халқы да таққан. Ғалымдар гректердің алтын бұйымдарды б.з.д 1400 жыл бұрын пайдаланған деген деректерді келтіреді. Алтын жалатылған бұйымдарды көбінесе қыз-келіншектер таққан, олар осы арқылы өзінің қоғамдағы мәртебесін көрсеткен.
Ежелгі Грекияда алтын алқа, диадема мен түймелер кеңінен танымал болған. Ал, б.з.д. ІІІ ғасырда алтын алқаны інжу маржан, изумруд және аметиспен бірге таққан. Грек әйелдері сондай-ақ шаш үлгілерін де алтыннан жасалған бұйымдармен әшекейлеген.
Ежелгі Грекиямен бірге Рим империясында да көнеде алтын әшекейлер маңызды рөл атқарған. Олар әсіресе киімге тағылатын алтын брошьті ерекше құрметтеген. Ал, Рим империясы гүлденген тұста ерлер сақиналары, монетада император бейнеленген алтын алқалар жоғары сұранысқа ие болды.
Римде тек аса ауқатты адамдар ғана алтын таға алған, ал саудагерлер мен көпестер күміс таққан. Римдіктерде қолға тағылған сақина жоғары тап өкілі екенін білдірген. Осыған орай, империяда сақинаны тағуға тек император рұқсат берген.
Римдіктерде сырғаны бастапқыда тек ерлер таққан екен әрі оларды екі құлаққа тағу қажет болған. Ал, орта ғасырларда сырға бір ғана құлаққа тағылса, ол оның құл екенін білдірген.

Қазақ халқындағы алтын бұйымдар тарихы
Қазақ халқының тарихында да алтын әшекей бұйымдар ерекше рөл атқарады. Оған дәлел, Есік қаласынан табылған "Алтын адам" тарихи жәдігері. Журналист Серікбол Хасанның "Айқын" газетінде жарық көрген мақаласында тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Ноянұлының құнды жәдігерге қатысты маңызды болжамымен таныстырады:
"Шошақ баскиімнің ең ұшында алтын арқар бейнесі бекітілген. Тағы бір ерекшелігі баскиімнің төрт жағын ала орналасқан құс қауырсыны түріндегі алтын қауырсындармен әрленген, сырты алтын фольгамен оралған төрт жебе бекітілген. Сыртқы түрі мен безендірілуінде көшпелі тайпалардың қалыңдықтың баскиіміне ерекше назар аударатындығын ескерсек, Алтын адамның әйел адам екендігі туралы пікірге біртабан жақындайтынымызды аңғару қиын емес. Келесі бір фактілерге бассүйектің сол жағынан табылған алтын сырға мен мойны тұсында алтын алқа жатады.
Көшпелілерде, әсіресе, түркі тайпаларында ер адамдардың сырға таққандығын археологиялық ескерткіштерден көруге болады. Бірақ мұндай сырғалар көбіне дөңгеленіп, айшық тәріздес болып жасалады. Ал Алтын адамның құлағынан салпыншақ көк тасы бар сырғаның табылуы, мойнындағы алтын алқаның төрт орам спираль тәріздес жасалуы оның әйел жынысына жататынына келесі дәлел тәрізді. Қазба жұмыстары барысында Алтын адамның қабірінен қола айнаның табылуы да оның әйел екендігін айғақтай түсетіндей. Жазба деректерден сақтардың Тарғытай, Скунха атты патшаларымен қатар, аса беделді Томирис, Тамир, Зарина атты патшайымдары өмір сүргенін ескерсек, Алтын адамның ханшайым болуы әбден мүмкін" дейді Еділ Ноянұлы.
Көргеніміздей, алтын әшекейлер Қазақстан даласында сонар сақ дәуірінде де кеңінен қолданылған. Халқымызда да алтын бұйымдарды ежелде ауқатты адамдар таққан көрінеді.

Сақ дәуірінен бастау алатын алтын зергерлік бұйымдар қазақ халқында орта ғасырларда кеңінен таныла бастады. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Назерке Жартын, бұған қатысты төмендегідей қызық деректі 000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000бөліседі:
"Қазақтың зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады. Өнердің бұл түрінің түп төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Археология мен топонимиканың деректеріне қарағанда, Қазақстан территориясында мыс, қалайы, алтын сынды басқа да асыл және түсті металдарға бай кен орындарын игеру ісінің ежелгі замандарда-ақ қолға алынғандығын айғақтайды.
Зергерлік бұйымдарды жасағанда алтын, күміс, және бағалы тастарды пайдаланған. Қазақ зергерлері әйелдердің сәндік әшекей заттарын негізінен түсті металдардан жасады. Әсіресе, күмістен соғылатын көптеген сәндік бұйымдар-сәукеле әшекейлері, сырға, шолпы, шекелік, алқа, өңіржиек, қолтықша, тұмарша, білезік, сақина, жүзік, белбеу, қапсырма, түйме, тана, тіс шұқығыш ертеден-ақ кең тараған заттар", - деп жазады автор.
Ал, өнертанушы Сабыркүл Асанованың "Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы" еңбегінде ауқымды сырғалар ертеден келе жатқан дәстүрлі әшекейлердің бірі болғанын айтады. Зерттеушінің пікірінше, әшекей бұйымдардың пішіні дөңгелек болған әрі оларға асыл тастардан салпыншақтар орнатылған.
Алтын әшекейлер қай дәуірде болса да сәндік мақсатта қолданылған. Бағалы металдан жасалған бұйымдарға қарап, сол заманның зергерлік өнерін, ою-өрнек, мәдениеті мен тұрмысын білуге болады. Қазақ халқының тарихында да алтын бұйымдар тұтас тарихты сипаттап, тарихи-мәдени жәдігер ретінде ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра болып қала бермек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2196624-ezhelde-altynnan-zhasalgan-buiymdardy-kim-taqqan-altyn-turaly-qyzyq-derekter/