Отбасы

Зектілері

Мұстафа Шоқай, Серәлі Лапин және көш: биыл қазақ тарихына қатысты қандай тың деректер табылды (фото)

Жарияланған күні:

Мұстафа Шоқай мен Серәлі Лапин
Мұстафа Шоқай мен Серәлі Лапин. Фото: Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы

Қазақстанда жыл сайын 22 желтоқсанда Архившілер күні атап өтіледі. 1998 жылы осы күні "Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы" заң қабылданды, ол елімізде мұрағат ісінің қалыптасуына және оның одан әрі дамуына ықпал етті. KAZ.NUR.KZ архив маманынан биыл жария болған маңызды құнды деректер туралы сұрап білді.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Шетел архивтері Мұстафа Шоқай мен Серәлі Лапинге қатысты жаңа құжаттар тапты. Британия ұлттық архивінде Мұстафа Шоқайдың Тифлистегі саяси-ғылыми қызметі туралы мәліметтер, ал Серәлі Лапиннің большевиктерге қарсы күресі жайлы құжаттар анықталды.
  • "Архив-2025" жобасы аясында Үндістан архивтерінен 1930-жылдары қазақтардың Түркияға көшуі туралы тың деректер табылды. Осы тақырыпта Ыстамбұлда халықаралық конференция өтіп, көш куәгері Зейнел Сүрмелінің өлеңдер жинағы жарық көрді.
  • Гүлсім Бисенованың айтуынша, "Архив-2025" жобасы дүниежүзі қазақтарының тарихын зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашып, егемен Қазақстанның жаңа тарихын жазуға ықпал етеді.

"Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының" ғылыми бөлімінің жетекші сарапшысы, т.ғ.к., доцент Гүлсім Бисенованың айтуынша, "Архив-2025" жобасы аясында алыс-жақын шет мемлекеттерде жасалып жатқан ғылыми ізденіс жұмыстары өткен тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашып, тарихи тұлғаларымыздың тәуелсіздік жолындағы күресін жан-жақты зерттеп-зерделеуде маңызды роль атқарып келеді.

Бисенова бұл мемлекеттік жоба аясында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғалымдары бірнеше шет мемлекеттердің ғылыми мекемелерінде жүргізілген ізденіс нәтижелі болғанын айтты. Биыл наурызда ұлттық орталық мамандарының Ұлыбританияның Манчестер университетінің Джон Райландс, Оксфорд университетінің Бодлиан кітапханалары мен Британия Ұлттық архив қорларында жүргізілген ғылыми экспедиция нәтижесінде ел тарихына қатысты құнды жазба деректер мен тың архив құжаттарының көшірмелері елге жеткен.

Архивтен табылған құжат: Turkestan -Turkey, 1920 (the data about M. Shokai). Фото
Архивтен табылған құжат: Turkestan -Turkey, 1920 (the data about M. Shokai). Фото: Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы

"Атап айтар болсақ, Британия ұлттық архив қорларынан бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған, Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі – Мұстафа Шоқайға қатысты архив құжаттары анықталды. Мұстафа Шоқай Тәуелсіздік жолында саналы түрде күрес жүргізу мақсатында қазақтың жалпы Түркістан тарихында саяси эмиграцияны алғаш бастаған тұлға. Мұстафа Шоқайдың саяси күресінің ең маңызды құралдарының бірі – баспасөз.

Осы орайда, Британия ұлттық архив қорларынан анықталған "Персия – Әзербайжан – Ауғанстан – Түркия –Түркістан арасындағы, Хат алмасулар атты құжаттың "Түркия – Түркістан" (1920 жыл) атты бөлімінде Түркістан автономиясы таратылғаннан кейін Тифлис (қазіргі Тбилиси) қаласындағы Мұстафа Шоқайдың саяси-ғылыми-баспагерлік қызметіне қатысты маңызды мәліметтер келтірілген. Бұл құжаттар алдағы уақытта аударылып, сарапталып, Алаш зиялысының қазақ тарихындағы алатын ролін ашуда маңызды тың дерекөзі болады деген сенімдеміз", - дейді тарихшы маман.

Британия ұлттық архив қорларынан анықталып, көшірмелері елге жеткен маңызды құжаттардың бірі – алғашқы қазақ шығыстанушысы, ағартушы, қоғам қайраткері Серәлі Мұңайтпасұлы Лапинге қатысты деректер. Сыр өңірінен шыққан тарихи тұлға – Серәлі Лапин араб, парсы және тағы басқа шығыс тілдерін меңгерген. Тарихи деректер бойынша, Лапин Түркістан автономиясы таратылғаннан кейін, Түркістанның азаттығы үшін күресін шетелде жалғастыру мақсатында 1918 жылы Түркия арқылы Германияға өткені белгілі.

"Британия ұлттық архив қорларынан анықталған "Большевиктерге қарсы – Серәлі Мұңайтпасұлы Лапин ісі" атты архив құжаты – тарихи тұлғаның қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасын аша түседі. Құжат деректері бойынша, Серәлі Лапин – ұлты түрік, 1917 жылдың қазан айына дейін Ташкенттегі мұсылман ұйымының басшысы қызметін атқарған.

Германия үкіметі басшыларымен келіссөздер жүргізу мақсатында, Германияға келген. Сонымен қатар бұл құжатта Түркістандағы большевиктермен күресте көмек сұрау жөнінде хат жолдағаны туралы маңызды мәліметтер де келтірілген", - дейді сарапшы.

Архив құжаты: Anti-Bolshevik - Serali Munaitpasovich Lapin (1919)
Архив құжаты: Anti-Bolshevik - Serali Munaitpasovich Lapin (1919). Фото: Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы

Сондай-ақ "Архив-2025" жобасы аясында Үндістан ұлттық архив қорларынан Шығыс Түркістаннан 1930 жылдары түйемен, атпен жасалған ата-бабаларымыздың соңғы көші, яғни Түркия қазақтарының көш тарихына қатысты тың архив құжаттары анықталды.

"Бүгінгі таңда, аталмыш архив құжаттары аударылып, сарапталып, ғылыми айналымға енгізу мақсатында құжаттар жинағы әзірленуде. Сонымен қатар 2024 жылдың 3 желтоқсанында Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Мимар Синан Көркем Өнер университетінде "Архив құжаттары бойынша, 1930-1950 жылдары қазақтардың Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға қоныс аударуы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен. Конференция жұмысына аталмыш көш тарихын зерттеуші Қазақстан, Үндістан, Түркия мемлекеттерінің ғалымдары қатысты. Конференция барысында аталмыш көштің тікелей куәгері болған, Үндістан мен Пәкістандағы қиын өмірді бастан кешіріп, естеліктерін өлең түрінде жеткізген Зейнел Сүрмелінің қазақ және түрік тілдеріндегі "Көш және сағыныш" атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өткен.

Зейнел Сүрмелі мен Махмуд Сүрмелінің кітаптары
Зейнел Сүрмелі мен Махмуд Сүрмелінің кітаптары. Фото: Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы

Мемлекеттік "Архив-2025" жобасы аясында Ұлттық орталықтың ғалымдары 2022 жылы Түркияға барған іссапарында Зейнел Сүрмелінің көш барысында жазылған төте жазудағы өлеңдерінің түпнұсқа қолжазбаларын, хаттарын, құжаттарын ұлы Махмуд Сүрмелі Ұлттық орталық қорына табыстаған болатын. Орталықтың мамандары ақын өлеңдері мен хаттарын төте жазудан қазіргі жазуға көшірді, ал түрік тіліндегі нұсқасы Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қараның қолдауымен басылып шықты", - деп әңгімеледі сарапшы.

"Архив-2025" жобасы дүниежүзі қазақтарының тарихына қатысты деректерді жинауға да жаңа мүмкіндіктер ашты. Бұл бірегей жоба толықтай жүзеге асырылғанда, еліміздің жаңа тарихының куәгері боламыз деген сенімдеміз, дейді маман.

Тағы оқыңыз: Үндістанға көшкен 3 мың қазаққа қатысты тың деректер табылды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2199392-mustafa-shoqai-serali-lapin-zhane-kosh-biyl-qazaq-tarihyna-qatysty-qandai-tyng-derekter-tabyldy-foto/