Қазақстандық опера қойылымы Түркияда қойылатын болды
Жарияланған күні:

Тәуелсіздік күні қарсаңында, 15-16 желтоқсанда, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры "Хан Сұлтан. Алтын Орда" атты жаңа операсын Стамбұлдағы Ататүрік мәдени орталығында қояды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркия сахнасында Ұлы Дала тарихындағы айтулы дәуірдің бірін қайта жаңғырту үшін дарыны мен шығармашылығын ұштастырған 300 әртіс өнер көрсетеді. Екі күн бойы Ыстанбұл тұрғындары мен қонақтары ортағасырлық алып мемлекет – Алтын Орданың құрылуына куә болып, ғасырлар қойнауына жетелейтін, ұлы сезімге толы естен кетпес саяхатты бастан кешеді. Мұның барлығы театр артистері мен балет бишілерінің, хор мен симфониялық оркестрдің жанды орындауы арқылы, сахнаның трансформациялық декорациялары, жарық эффектілері мен бейнепроекциялардың арқасында жүзеге асады. Заманауи технологиялық шешімдер әр көрерменді қойылымның басты кейіпкеріндей сезіндіреді.
Операның басты кейіпкері – Хан Сұлтан Жошы ханның үшінші әйелі, Алтын Орданың билеушілерінің бірі – Берке ханның анасы. Ол ақылдылығы, қайсар мінезі және саяси көрегендігінің арқасында Алтын Орда тарихындағы маңызды тұлғаға айналып, өзін де, ұлдарын да Жошы ұлысындағы басты қайраткерлердің қатарына қосты.
Алтын Орда мұрасы түркі халықтарын біріктіретін рухани қазына саналатындықтан, операның қойылуына түркітілдес елдердің ғылыми орталықтары мен ғалымдары зор үлес қосты. Опера жазу барысында Алтын Орда мен түркітану саласының ғалымдары, атап айтқанда Алтын Орда және татар хандарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалеев, Ыстанбұл, Мармара университетінің профессоры Ілияс Кемалоглу және тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев ғылыми кеңесші ретінде қатысты.
Стамбұлда қойылатын тарихи операда басты рөлдерді Зарина Алтынбаева мен Венера Алпысбаева (Хан Сұлтан), Мақсат Саматов (Жошы хан), Евгений Шагаров (Шыңғыс хан), Гүлзат Дәуірбаева (Бөрте), Оксана Давыденко (Түркен қатын), Ислам Хамзаев (Шағатай ), Фархат Кубиев (Берке), Есенгелді Рза (Бату), Ерұлан Кәмел (Орда Ежен) секілді және т.б. белгілі қазақстандық әртістер сомдайды.
Ұлттық опера идеясының авторы – Айнұр Көпбасарова. Драматург Алмас Нүсіптің шығармасы негізінде "Хан Сұлтан" операсын ақын Маралтай Ыбыраев жазып шықты.
Композиторы – Хамит Шанғалиев. Операның режиссері – әйгілі итальяндық қоюшы Давиде Ливермор. Оның спектакльдері Миландағы La Scala, Рим операсы, Туриндегі Teatro Regio және Генуядағы Carlo Felice театрларында қойылған. Қоюшы дирижер – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының және М.Жәлел атындағы Татар академиялық опера және балет театрының бас дирижері Нұржан Байбосынов.
Естеріңізге сала кетейік, 29 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Алматыда "Хан Сұлтан. Алтын Орда" операсының премьерасы сәтті өтіп, бүкіл билет алдына ала сатылып кеткен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2200172-qazaqstandyq-opera-qoiylymy-turkiiada-qoiylatyn-boldy/