"Жаман адам жақсы жазушы бола алмайды": Мұхтар Мағауиннің өмірі, цитаталары, ұлт туралы ойлары
Жарияланған күні:

Мұхтар Мағауин – Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық "Түрік дүниесіне қызмет" сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі атанған тұлға. Жазушының қаламынан шыққан туындылар халықтың тарихи жадын жаңғыртып, өскелең ұрпаққа рухани азық болып келеді. Бұл мақалада қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауиннің өмірі, еңбектері жайлы мәлімет ұсынылып, ұлт туралы ойлары жазылды.
- Мұхтар Мағауин - қазақтың көрнекті жазушысы. Жазушының шығармалары ұлттың тарихи жадын жаңғыртып, ұрпаққа рухани азық болып келеді.
- Жазушының "Шыңғыс хан" тетралогиясы сынды тарихи туындылары мен "Аласапыран" романы, "Қазақ тарихының әліппесі" еңбегі қазақ әдебиеті мен тарихының құнды мұрасына айналды.
- Мұхтар Мағауин шығармалары арқылы қазақтың дәстүрі, мәдениеті мен рухани құндылықтарын дәріптеп, ұлттық сана-сезімді оятуға ықпал етті.
Мұхтар Мағауиннің өмірбаяны
Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Баршатас ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген, 2025 жылдың 10 қаңтарында дүниеден өтті.
Мұхтар Мағауин бала кезінен бастап тарихқа қызығушылық танытып, терең түсіне бастады. Ол 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, 1965 жылы аспирантураны тәмамдады.
sputnik.kz сайтындағы мәліметті негізге алсақ, жазушы еңбек жолын 1965 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі болып бастаған.
- 1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеді. Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді.
- 1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте жүрді.
- 1984-1986 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы болды.
- 1988 жылдан бастап "Жұлдыз" журналының бас редакторлығына келді.
Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы
Мұхтар Мағауиннің алғашқы туындысы қалай аталады? Мұхтар Мағауиннің алғашқы туындысы ретінде танылған "Кешқұрым" атты әңгімесі 1964 жылы "Жұлдыз" журналында жарық көрді. "Бір уыс бидай", "Тіленші", "Әйел махабатты", "Жаңыл махаббаты" туындылары да жазушының алғаш жазған шығармалары еді.
Жазушы "Ақша қар", "Бір атаның балалары", "Қияндағы қыстау", "Көк кептер" сынды повестер мен әңгіме жинақтарын жазды. Сондай-ақ "Көк мұнар", "Шақан-Шері" романдарын, тарихи "Аласапыран" роман-дилогиясын жарыққа шығарды.
Мұхтар Мағауиннің "Қобыз сарыны" монографиясы, "Ғасырлар бедері", "Қазақ тарихының әліппесі" атты еңбектері мен "Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет" оқулығы мен басқа да оқу құралдары бар.
Жазушы "Алдаспан", "Бес ғасыр жырлайды", "Ай заман-ай, заман-ай" антологияларын құрастырып, ақын-жыраулар шығармаларын жинақтады.
Мұхтар Мағауин "Шыңғыс хан" атты деректі тарихи хикаясын жазуға жеті жылын арнады. Жазушы "Шыңғыс хан және оның заманы" тарихи деректі тетралогиясын 2008-2015 жылдар аралығында жазды. Бұл тарихи роман төрт кітаптан тұрады және XII-XIII ғасырлардағы Орталық Азияның өмірін, мәдениетін, тарихи оқиғаларын кеңінен қамтиды. Жазушы шығармасында сол дәуірдің болмысын терең зерттеп, оқырманға шынайы әрі тарихи тұрғыда маңызды деректерді ұсынған. "Шыңғыс хан" – тек тарихи еңбек қана емес, қазақ әдебиетіндегі елеулі туындылардың бірі саналады.
"Маған қарсы адам – қазақ халқының жауы". Мұхтар Мағауин
Жазушының еңбектері:
- 1961-1962 жылдары "Ер Тарғын" және қазақ эпосы" алғашқы зерттеу еңбегі шықты.
- 1968 жылы "Қобыз сарыны" әңгімесі.
- 1969 жылы "Тазының өлімі" хикаяты.
- 1969 жылы "Ақша қар" жинағы.
- 1970 жылы "Алдаспан" антологиясы.
- 1971 жылы "Көк мұнар" романы.
- 1972-1973 жылдары "Архив хикаясы", "Иесіз" және басқа да әңгімелері жарық көрді.
- 1972-1976 жылдары Ленинградта "Поэты Казахстана" атты алты ғасырлық антологияны дайындап шығарды.
- 1973 жылы "Бір атаның балалары" хикаяты.
- 1977 жылы "Өмір жыры", "Жыланды жаз" хикаяттары.
- 1979 жылы "Жүйрік" хикаяты, "Ер Тарғын" жыры.
- 1980-1982 жылдары "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы.
- 1984 жылы "Шақан-Шері" романы.
- 1987 жылы шығармаларының бес томдық жинағын әзірлеп, шығарды.
- 1988-1990 жылдары "Алтын тіс", "Тәртіпті азамат", "Абақтыда өлген Уан атам", "Тассудан өткен қашқындар", "Әбдіғаппар сері" және басқа да әңгімелер.
- 1990-1991 жылдары "Сары қазақ" романы.
- 1993 жылы "Қазақ тарихының әліппесі".
- 1996-1998 жылдары "Мен" мемуарлық дилогиясы.
- 1997-1999 жылдары "Кұңфудзының даналық дәрістері" кітабы.
- 1999 жылы "Шипалы Арасан" хикаяты.
- 2000-2001 жылдары "Тамыздан соңғы әңгімелер", "Одағай әңгімелер" топтамалары.
- 2001 жылы "Қисық ағаш", "Оңғақ" хикаяттары.
- 2003 жылы "Әдепкі әңгімелер" топтамасы.
- 2003-2004 жылдары "Және одағай әңгімелер" топтамасы.
- 2004 жылы "Қыпшақ аруы" романы, "Ұлтсыздану ұраны" толғауы.
- 2005 жылы "Кесік бас - тірі тұлұп хикаяты" романы.
- 2007 жылы "Жармақ" романы.
- 2007-2008 жылдары "Әрқилы әңгімелер", "Талайсыз әңгімелер" топтамалары.
- 2016-2017 жылдары "Естеліктер кітабы": "Ілияс аға Есенберлин", "Әбіш екеуміз" және басқа жазбалар.
- 2018 жылы "Естеліктер кітабының" жаңа тараулары.
- 2019 жылы жазушы шығармаларының жиырма алты томдық "Толық жинағы" баспаға әзірленіп, 2024 жылы Қазақстанда басылып шықты.

Мұхтар Мағауиннің қанатты сөздері, ұлт туралы ойлары
Мұхтар Мағауин шығармаларында қазақтың сан ғасырлық тарихы, дәстүрі мен мәдениеті жатыр. Жазушы саналы ғұмырында ұлттың санасын сілкінтті, рухани мұра қалдырды. Жазушының мына сөздері оқырманды қанаттандырады:
- Жақсы адам жаман жазушы болуы мүмкін, бірақ жаман адам жақсы жазушы бола алмайды.
- Қазақтың қасиетін тану Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу Абай тағылымын бағамдаудан байқалмақ. Абай – қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биігі – халқымыздың көркемдік ой-танымында ешкім жетпеген заңғар.
- Шыңғыс хан – адамзат тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі, ал біз үшін мәңгілік мақтаныш. Егер Шыңғыс хан болмаса, қазақ деген халық та жаңа ұлыс құрамында біржола ұйысып, үсті бейіш, асты кеніш осыншама ұлан-байтақ жердің бірден-бір қожасына айналып, бүгінгі күнге жете алмаса еді.
- Әлбетте, кез келген елді, қандай жағдай болмасын, сол ұлысты мекендеп отырған жұрттар арасында татулық болуы керек. Бірақ бұл татулық жергілікті, байырғы жұрттың жалпыға ортақ құл болуы арқылы жүзеге асуы – ақылға сыймайтын жағдай.
- Әлемдегі ең сұлу қазақ әйелі – менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын. Сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі.
- Бұл тәуелсіздік – бабаларымыздың соңғы екі жарым мың жыл бойы төгілген қанының төлеуі болатын, аталарымыздың соңғы жүз елу жыл бойы езілген жүрегінің лүпілі, жаншылған намысының серпіні, қапаста үзілген өмірінің қарымтасы болатын, құрсақта жатқан, жаңа ғана кіндігі кесілген, қаз тұрған, ендігі жылы, ендігі ғасыр, одан соңғы замандарда дүниеге келетін сәбилердің көз жасы болатын.
- Халықтың үлкендігі хан көтерген тұлғаларымен өлшенеді.
- Көп әрі сапалы жазу үшін, тым көп болмаса да біршама молға жету үшін осы мақсатта ғана жұмсалатын ұлан-ғайыр уақытың болуы керек. Өнер жолындағы адам үшін ең қат нәрсе - осы уақыт. Жиырма төрт сағат – жыл он екі ай бос болсаңыз да уақыт тапшылық етеді.
- Қырық жыл жазғанда көзімнің анық жеткені – шабыт деген жоқ нәрсе. Шабыт жоқ. Бап бар, машық бар. Бап –алаңсыз көңілге байланысты. Машық –күнделікті жұмысқа байланысты. "Ат шаппайды, бап шабады", - деген қазақ. Әрине, тұғыр емес, тұлпар. Бабы келіскен тұлпар бабы жоқ, өзі қатарлас, тіпті өзінен де жүйрік екінші күліктен оп-оңай озады. Өз мүмкіндігінің шегінде шабады. Өз мүмкіндігіңіздің шегінде жазу – сіздің бабыңызға ғана байланысты. Бес-он минут, бір сағат, жарым сағат, бес-он күн емес, айлар, жылдар бойы отырыс, тынымсыз еңбек нәтижесі. Машықсыз бап та жоқ. Шығарманың шеберлік деңгейі, қуат-күшін бағалайтын өзекті арқау жанды жүйе де осы машық пен бап болса керек.
Мұхтар Мағауиннің шығармалары ұлттың өткені мен бүгінін байланыстырып, болашаққа жарқын жол көрсететін шамшырақ іспетті. Заңғар жазушы қазақ халқының рухани әлемі мен санасын оятқан тұлға ретінде тарихта қалады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2211080-zhaman-adam-zhaqsy-zhazushy-bola-almaidy-muhtar-magauinning-omiri-tsitatalary-ult-turaly-oilary/