Отбасы

Зектілері

Аралды "жаңбыр суымен толтырамын" деген Алтай Айнабектің жұмысына қатысты вице-министр пікір білдірді

Жарияланған күні:

Алтай Айнабек
Алтай Айнабек. Фото: Instagram/altay_rainman

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров әлеуметтік желіде Арал теңізін "жаңбыр суымен толтырамын" деп танымал болған Алтай Айнабектің әрекетіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Вице-министр Нұрлан Алдамжаров әр азаматтың Арал теңізі тақырыбына деген қызығушылығын құптайтынын, дей тұрғанмен, бір адамның күш-жігерімен ғана жылдар бойы су тапшылығы мәселесіне ұшыраған теңізді бірнеше айда ғана суға толтыру мүмкін емес екенін айтады.

Екіншіден, министрлік өкілінің сөзінше, солтүстік Аралда су көлемінің ұлғаюы жеке бір азаматтың емес, су шаруашылығы қызметкерлерінің көп жылдық жұмысының нәтижесі.

"Теңізді қалпына келтіру жобасының бірінші кезеңі 2002 жылы басталып, 2008 жылы аяқталды. Оның нәтижесінде Көкарал бөгеті салынды. Ұзындығы 13 шақырым болатын гидротехникалық құрылыс Солтүстік Аралдағы су деңгейін реттейді. Яғни, біз бұл жұмысты 10 жылдан артық уақыт бойы істеп келеміз.

Жобаның бірінші кезеңі өзінің тиімділігін көрсетті, өйткені ол аяқталғаннан бері Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі 42 пайызға ұлғайды", - дейді Нұрлан Алдамжаров.

Сондай-ақ оның айтуынша, 2023 жылдан бері байқалған Арал теңізіндегі су көлемінің ұлғаюы, ең алдымен, Сырдария өзені бойынша ағынның ұлғаюымен байланысты.

"Бұл суды сауатты бөлудің, су дипломатиясының, атап айтқанда, Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен келіссөздер мен келісілген жұмыстың нәтижесі. Су бөлу туралы айтқанда бұл жерде тасқын суы еместігін ескерген жөн. Оңтүстікте тасқын суы мол болған жоқ. Бұл қолда бар су ресурстарын қайта бөлу туралы сөз.

Мысалы, былтыр суару маусымында Сырдария өзені арқылы Қазақстанға келісілген 3,7 млрд текше метрдің орнына 4,8 млрд текше метрден астам су келді. Бұл Арал теңізіне суару кезеңі үшін рекордтық көлемде - шамамен 1 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік берді", - дейді вице-министр.

Нұрлан Алдамжаровтың сөзінше, сондай-ақ Қызылорда облысының шаруалары биыл 200 млн текше метрден астам су үнемдеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің "Қазсушар" кәсіпорнының жергілікті филиалы ол суды да Солтүстік Аралға жіберді.

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңі нәтижесінде теңіздегі су көлемі 42 пайызға ұлғайып, 27 млрд текше метрге жеткенін хабарлаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алтай Айнабек портал тілшісіне сұқбат беріп, әлемде теңдесі жоқ қондырғы ойлап тапқанын айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2211308-araldy-zhangbyr-suymen-toltyramyn-degen-altai-ainabekting-zhumysyna-qatysty-vitse-ministr-pikir-bildirdi/