Отбасы

Зектілері

Мекемтас Мырзахметұлы: өмір тарихы және елге сіңірген еңбегі

Жарияланған күні:

Мекемтас Мырзахметұлы
Мекемтас Мырзахметұлы. Фото: Түлкібас Ауданының Әкімдігі

Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы 95 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Мекемтас Мырзахметұлы – қазақтың көрнекті ғалымы, әдебиеттанушысы және қоғам қайраткері. Ол өзінің бай шығармашылығымен, ғылыми-зерттеулерімен және ұлттық руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесімен халықтың жүрегінде ерекше орын алған тұлға. Оның өмір жолы мен еңбектері қазақ ғылымы мен мәдениетінің дамуына үлкен әсер етті.

Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген. Жас кезінен білімге деген құштарлығы оны ғылым жолына түсуге жетеледі. 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тәмамдап, әдебиет және тарих саласында зерттеулер жүргізе бастады.

Ғалымның өміріндегі ең басты бағыт – қазақ әдебиеті мен мәдениетін терең зерттеу. Ол әдебиет пен тарихты қатар игеріп, қазақ халқының ұлттық санасын оятуға зор үлес қосты.

Абайды тану

Мекемтас Мырзахметұлының басты ғылыми еңбектері қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының мұрасына арналған. Ол Абай шығармаларын зерттеп, оның философиялық, эстетикалық, және тарихи қырларын ашып көрсетті. Ғалымның еңбектері арқылы Абай мұрасы әлемдік деңгейде таныла түсті.

Мырзахметұлының "Абай және Шығыс", "Абайтану тарихы" сияқты кітаптары қазақ әдебиеттану ғылымының баға жетпес құндылығы болып саналады. Бұл еңбектерде ол Абай шығармаларындағы Шығыс мәдениеті мен ислам философиясының ықпалын терең талдады.

Ғалымның еңбектері:

  • "Абай Құнанбаев. Библиографиялық көрсеткіш" (1965),
  • "Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары" (1982),
  • "Абай жүрген ізбенен" (1985),
  • "Абайтану. Библиографиялық көрсеткіш" (1988),
  • "Абайдың адамгершілік мұраттары" (1993),
  • "Абайтану тарихы" (1994),
  • "Восхождение Мухтара Ауэзова к Абаю" (1994),
  • "Абай және Шығыс" (1995),
  • "Әуезов және Абай" (1996),
  • "Түркістанда туған ойлар" (1998),
  • "Түркістан, Тараз арасы..." (2002) және т.б. монографиялар, кітаптардың ("Абайды оқы, таңырқа", 1993; "Абайтану дәрістері", 1994; "Абайтану дәрістерінің дерек көздері", "Абайды білмек парыз, ойлы жасқа", 1997.

Ғалымның 2008 жылы "Үш қиян" басылымында жарияланған мақаласында Абай мен Шәкәрім мұрасындағы мынадай баға береді:

"ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы өмір шындығы философиялық лирика жанрындағы Абай мен Шәкәрім шығармаларында тақырыбы жағынан айрықша дараланып, назар аударғаны түп иені теологиялық және ғылыми тұрғыдан танып-білуге шешуші түрде мән бере жырлануында жатыр".

Ғалымның сөзінше, философиялық лирикадағы бұл рухани соны ұмтылыс тамырсыз, төркіні беймағлұм дерексіз құбылыс емес еді. Бұл ой толғаныстар орта ғасырдағы Тұран жеріндегі түрік халықтары поэзиясынан ойып тұрып орын алған түп иені таныл білу жолындағы Жүсіп Баласағұнидің "Құтты білік", Ясауидің "Девони хикметі" мен Махмұт Қашқаридің "Девони ат-түрік" туындыларынан нәр тарып жатқан еді. Мақалада Абай мен Шәкәрім солар салған ата дәстүрді өз заманы талабына қарай жаңғыртып дамытушы ойшыл ақындар болғаны айтылған.

Абайды танудағы ғалым енгізген тағы бір түсінік – "Толық адам" түсінігі. "Абай әлемі" басылымында жарияланған мақаласында ғалым бұл түсінікті толық ашқан.

"Абайдың толық адам ілімі ХХ ғасырда әдебиетші ғалым В.Г.Куницин айтқандай: "...ХХ век чудовищно засорил не только биосферу земли, то что гороздо опаснее – духовное поле земли" (В.Г.Куницин "Верность правды", издательства "Знание", Москва, 1980, стр.16), - деп айтқаны бүгінгі қазақ болмысы мен рухани әлемінедгі экологиялық жағынан да, моральдық жағынан да өзгеріп бұзылу ластану жағы көзге ұрып тұр емес пе? Өйткені қазақтар Абай дәуіріне дейін рухани әлемі монолитті тұтас қалыпта болса, отаршылдық саясат өзінің ойлап тапқан сексеуіл табиғатынан алған ссексеуіл тәсілі арқылы табиғи болмысы мен рухани әлемін де ыдыратып саналы түрде бұзды. 

Дарынды, ойшыл ақын С.Торайғыров сол ортада өмір сүріп осы астарлы қасіретті саяси құбылысты ерте танып болжағандай:

"Абай тұсы қазақтың бұзылғаны, Қаралыққа айналып қызыл қаны... Елдігіне, жеріне һәм дініне Құрылды талай тұзақ, талай қақпан, -

дейді. Ендігі мақсат – Абайдың толық адам ілімін енді қайтадан рухани монолитті қазаққа айналудың жолына қызмет еттіру – басты рухани міндетімізге айналуда, бұдан өзге идеологиялық танымды көріп тұрған жоқпын. Абайтану тарихында бұл алға қойылып отырған, бірегей мән-мағынасы бар міндеттің бес-алты саласын оқырмандарға түсінікті болу үшін жеке-дара қысқаша түрде баяндап өтуді қажет деп білемін. Өйткені, бұл күрделі мәселе халықаралық деңгейде қойылатындықтан, қазақ жерінде, арғы жағы Туран өлкесінде б.з.д. 7 ғасыр басында пайда болған "Ақи" (жомарттық) ілімінің бастау көзі Фирдаусидің "Шахнама" дастанында Афрасиаб пен Иран патшасы Кейқысыраудың ортасында болып өткен пікір таласында да белгі беріп жатады", - деп келтіреді автор. 

Қайраткерлік ісі

Мекемтас Мырзахметұлы тек ғалым ғана емес, қоғам қайраткері ретінде де танылды. Ол қазақ халқының ұлттық санасын ояту үшін ұлттық құндылықтарды насихаттап, жастарды тәрбиелеу ісінде үлкен жұмыс атқарды.

Ғалым тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Абай мұрасын жаңа қырынан зерделеуге, оның рухани негіздерін халық арасында кеңінен түсіндіруге ерекше көңіл бөлді. Сонымен қатар, ол қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында аянбай еңбек етті.

Мекемтас Мырзахметұлының еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол "Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері" атағына ие болды. Сондай-ақ оған "Парасат" ордені табысталып, бірқатар халықаралық және ұлттық марапаттарға лайық деп танылды.

Ғалымның еңбектері тек қазақ әдебиеті мен тарихына ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани мұрасына әсер етті. Оның зерттеулері қазіргі және болашақ ұрпақ үшін құнды дереккөз болып қала бермек.

Ғалым Қанипаш Мәдібаева "ғалым туралы мақаласында Мұхтар Әуезов Абайға тұтас құлады. Ғұмырын арнады. Сол Мұқаңның Абайынан айнымаған өмір үрдісін көрнекті әдебиеттанушы, мұхтартанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов ғылымдағы жолына үлгі тұтты" деп баға берген. Бұл туралы "Жас Алаш" газетіндегі мақаласында айтылған.

Мәдібаеваның айтуынша, Мұхтар Әуезовтің киелі шаңырағында бірнеше жыл қызмет еткен Мекемтас Мырзахметов әр нәрсенің қисынын қиыннан іздеген. Әуезовтің Абайды тану, таныту жолындағы "ұсақ-түйекке" дейін ыждаһатпен қарайтын сақтығы, жоғын талмай, тауып іздейтін еңбекқорлығы ғалым Мырзахметовтің де жаратылыс даралығы, болмыс қасиеті болса керек дейді ол.

Автор бұл мақаласында көрнекті әдебиеттанушының қызметі туралы анықтап жазған:

"М.Әуезов 1942 жылдан бастап жоғары мектепте оқыған "Абайтану" арнаулы курсын М.Мырзахметов 30 жылдан астам уақыт бойы жүргізеді. М.Әуезов бұл курсты оқыту бағытында Абайдың ақындық айналасын түгендесе, М. Мырзахметов енді сол Абайдың айналасын түгендеуінде Мұхтардың тереңіне бойлап отырып оқытуды дәстүрге айналдырды. Сөйтіп мұхтартанудың бір ғылыми тармағы – абайтанудағы мұхтартану немесе мұхтартанудағы абайтану болып негізделіп, бекіді".

Мақалада бірнеше жыл М.Әуезов мұражай-үйінің бар асыл жиһаз, жабдығын – қолжазба қорын әспеттеп, аялап жүріп ғалымның көп дүниеге көзі түсті, көп дүниенің көзін ашқаны айтылады. Солардың негізінде ғылыми құны биік, іргелі еңбектер жазылды.

"М.Әуезов өмірден озғалы бері көзден таса жатқан соң көңілден де өшіп бара жатқан көп құнды дерек, құнарлы ойдың "бағы жанып", хатқа түсті, тасқа басылды. Сарқылмайтын кен көзін ашқан, жер құтын тапқан бұрғышыдай Мекемтас Мырзахметов ғалымдық ғұмырының бар несібесін Абай мен Мұхтардың ой асылынан алды. Көтеріп, көбейте сөйлегеніміз де емес. М.Мырзахметовтің әр жылдары жарық көрген "Мұхтар Әуезов" және абайтану проблемалары" (1982) және Мұхтар Әуезов авторлығымен шыққан "Абайтанудан жарияланбаған материалдар" (1988), сөз жоқ, ғалымның М.Әуезов мұражай-үйінде қызмет еткен жылдарының олжасы", - дейді ғалым.

Ұлтшыл ғалым

Ғалым Кенжехан Матыжановтың бағалауы бойынша, Мекемтас Мырзахметов "Ұлтшыл" деген сөзден үрікпей, өз ұлтыңды қастерлеу – азаматтық асыл қасиет екендігін алғаш айтқандардың бірі болды деп баға берген.

"Жас Алаш" газетіндегі мақаласында Матыжанов неге ғалымды "ұлтшыл" деп баға бергенін былай деп түсіндіреді:

"Сонау жетпісінші жылдардың өзінде Абай атындағы қазақ педагогика институтында (ол кезде солай аталатын) дәріс оқып жүрген кезінің өзінде ол кісі бүкіл жан дүниесімен "ұлтшыл" еді. Бізге "Ежелгі дәуір әдебиеті" мен "Абайтанудан" дәріс оқыды. Біз мектепте атын естімеген «тасқа қашалған көне түркі жазба ескерткіштері», "Оғызнаме", "Махмұт Қашқари", "Құдатқу білік", "Кодекс-Куманикус", "Қорқыт ата", "Рабғузи" сияқты ежелгі дәуірден бастап, Абайға дейінгі әдебиеттің тарихи кезеңдерін өзінің байыпты, сырлы дауысымен сары ауыз балапандардың көкейіне қондыра жеткізуші еді. Әсіресе Дулат Бабатайұлына келгенде шабыттанып, шамырқанып кететін. Өйткені Дулат – қазақ қоғамының отаршылдыққа қарсы соңғы тұяқ серпер дауылпаз үні еді.

Ол жөнінде өзінің досы Құлмат Өмірәлиевтің әйгілі еңбегін көлденең тарта сөйлейтін. Ұстаздың бүкіл дәрістерінен отаршылдыққа қарсы ұлттық рух есіп тұратын. Сондықтан ол кісінің дәрісін тыңдағандардың ішінде ұлтшылдық "дертіне" шалдықпағаны жоқ шығар. Тәуелсіздік дәуірінде Мекемтас аға ерекше құлшыныспен жұмыс жасады. Түркістанда, Таразда көп жылдар өнімді еңбек етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, ұлттық әдебиетті, тарих пен мәдениетті қадірлейтін, елі мен жерін сүйетін аймақтардағы жаңа толқынның тың армиясын жасақтады. Осы жылдары ғалымның шабыттана, жанын сала тер төккені сонша, қазақ әдебиетінің мұрағатта жатқан мұраларын 500 кітапқа жүк етіп, жарыққа шығарған екен".

Мекемтас Мырзахметұлы – қазақ халқының мақтанышы, ұлттық руханияттың жанашыры. Оның өмірі мен еңбегі қазақ ғылымы мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның мұрасы ұлттық тарих пен әдебиетке қызығушылық танытатын әрбір адам үшін рухани байлықтың қайнар көзі болып қала бермек.

Бүгінгі таңда Мекемтас Мырзахметұлының еңбектері мен ойлары қазақтың ұлттық санасын қалыптастыру мен рухани байлығын арттыруда маңызды рөл атқарып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2211740-mekemtas-myrzahmetuly-omir-tarihy-zhane-elge-singirgen-engbegi/