Күрделі жөндеуден өтпеген: Алматыда 50 жылға жуық тарихы бар мектеп уақытша жабылады
Жарияланған күні:

Алматыда №30 мектеп-гимназиясы жөндеуге жабылады. Ал мектеп оқушылары жаңарту жұмыстары кезеңінде Медеу ауданының басқа білім беру мекемелеріне бөлінеді, деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алматы қаласының білім басқармасының мәліметінше, Медеу ауданында 46 жыл бұрын салынған №30 мектеп-гимназиясы ашылғаннан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінде реконструкциялау жұмыстарын бастау үшін барлық дайындық шарасы аяқталды, мердігер компания таңдалды.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың наурыз айында басталады. 2026-2027 оқу жылына дейін оқушыларға жайлы жағдай жасау жоспарланып отыр. Күрделі жөндеу жұмыстарын бастау туралы түпкілікті шешім қабылдамас бұрын барлық білім беру үдерісіне қатысушылар мен ата-аналар алдын ала құлағдар етіледі.
"Қазіргі уақытта мектепте 1067 оқушы оқиды. Оқу үдерісі қалыпты режимде, сабақтар уақытылы өтіп жатыр.
11 ақпанда Медеу ауданының білім бөлімі мен Алматының білім басқармасы өткізген жалпы мектептік ата-аналар жиналысында мектепті жаңарту жобасы туралы толық ақпарат берілді. Ата-аналар көкейде жүрген сұрақтар қойып, ұсыныс білдірді", - делінген әкімдік хабарламасында.
Мектеп әкімшілігі мен білім басқармасы оқушыларды Медеу ауданындағы басқа білім беру мекемелеріне бөлу туралы келісімге келді.
• №77 жалпы білім беретін мектепке - 414 оқушы;
• № 47 жалпы білім беретін мектепке - 326 оқушы;
• №56 гимназияға - 210 оқушы;
• М. Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейіне - 117 оқушы бөлініп отыр.
Бұған қоса, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданған: қажет болған жағдайда оларды мектептерге автобустармен тасымалдау ұйымдастырылады.
№30 мектеп-гимназиясын жаңарту жобасы аясында:
• мектеп ғимаратын күрделі жөндеу;
• заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау;
• мектеп жиһазын жаңарту;
• кітапхана мен асхананы жаңғырту;
• спорт залын қайта құру;
• қауіпсіздік жүйелерін орнату көзделген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2220236-kurdeli-zhondeuden-otpegen-almatyda-50-zhylga-zhuyq-tarihy-bar-mektep-uaqytsha-zhabylady/