Отбасы

Зектілері

Алматыда алғашқы ұлттық мектептің құрылысы басталды

Жарияланған күні:

мектеп құрылысы
Мектеп құрылысы. Фото: Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен "Abai ulttyq mektebi" алғашқы ұлттық мектебінің құрылысы басталды. Бұл жоба Қазақстанның талантты балалары үшін бірегей білім беру ортасын құруға бағытталған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыға жұмыс сапары барысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп құрылысымен танысты.

Мектеп 900 оқушыға арналған және мұнда балаларға арналған интернат, оқытушылар үйі, кітапхана, спорт кешені қарастырылған. Ол биыл ашылады деп жоспарланып отыр.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Фото: Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайты

"Жаңа білім беру ұйымының концепциясы Абай философиясына, оның ішінде "бес асыл іс" идеясына негізделген.

"Abai ulttyq mektebi"-нің құрылуы – отандық білім беруді дамытудағы ең маңызды стратегиялық қадамдардың бірі, ол өзінің шыққан тегін жақсы білетін, бірнеше тілді меңгерген және жаһандық сын-қатерлерге төтеп бере алатын зиялылардың жаңа буынын тәрбиелеуге бағытталады", - деп атап өтті министр.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жобаны жүзеге асырудағы маңызды қадам - "ABAY-Programme" біртұтас білім беру бағдарламасының әзірленуі. Ол көптілді, зиялы және ұлттық сипаттағы тұлғаны қалыптастыруға негізделген. Мектеп сондай-ақ еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орны – Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетімен серіктестік орнатады. Ынтымақтастық аясында "Абай зертханасы" құрылып, ол гуманитарлық білім саласындағы әдістемелік және ғылыми зерттеулер орталығына айналады деп жоспарланып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/family/school/2224973-almatyda-algashqy-ulttyq-mektepting-qurylysy-bastaldy/