Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы оқудан шығып қалды: депутат араша түсті
Опубликовано:

23 мамырда Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы оқудан шығып қалды. Бұл туралы депутат Ирина Смирнова Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Жағдайға қатысты НЗМ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин пікір білдірді.
Депутат жариялаған суретте мектептің бұйрығы көрсетілген. Онда педагогикалық кеңестің шешімімен оқушының тәртіптік ереже бұзғаны үшін 23 мамырдан бастап мектептен шығарылғаны жазылған.
"23 мамырда баланы мектептен қалай шығаруға болады? Ол қайда барады? Оны қай мектеп қабылдайды? Алматыдағы Назарбаев мектебі, сіздер оқушының құқығын бұзып жатырмын деп ойламайсыздар ма?
Сіздердің асығыс шешімдеріңіз заңсыз деп ойламайсыздар ма?", - деп жазды депутат Facebook желісінде.
Көп ұзамай НЗМ дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Ануар Жанғозин Facebook желісінде жағдайға қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, өткен аптада тоқсандық қорытынды бағалау болған. 11-сынып оқушысы академиялық адалдық ережесін бұзып, емтихан кезінде ұялы телефон қолданған. Бұл мектепте қатаң тыйым салынған әрекет. Мұндай жағдайға жол берілмейтіні туралы оқушылар мен ата-аналарға үнемі ескертіліп тұрады.
"Телефон тәртіпке сай тәркіленген сәтте оқушы агрессия танытып, мұғалімге бейәдеп сөз айтып, балағаттаған. Соның ішінде "ш...ва" деген сөз қолданылған. Бұл жағдай басқа оқушылардың көзінше болған, дәлелдер бар", - дейді Әнуар Жанғозин.
Сондай-ақ ол оқушының бұрын да тәртіп бұзғаны туралы жазылған.
"Біз бұл істі шындап тексеріп, тиісті қорытынды шығарамыз. Алайда болған оқиғаға тек мектепті кінәлау дұрыс емес, отбасы мен қоғамның жауапкершілігі бар, оны ұмытпауымыз керек. Осыған байланысты мектептің педагогикалық кеңесінің бұл оқушыны оқудан шығару туралы шешімі, менің ойымша, қисынды және орынды", - деп түйіндеді сөзін Ануар Жанғозин.
Қазір оқушыны басқа мектепке ауыстыру мәселесі шешілген.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/family/school/2249025-almatydagy-nazarbaev-ziiatkerlik-mektebining-11-synyp-oqushysy-oqudan-shygyp-qaldy-deputat-arasha-tusti/