Эскимо десертін қалай дайындауға болады: Гүлжанат Нұрышованың ерекше рецепті
Жарияланған күні:

"Эскимо" десертінің дәмі бұрынғы ерекше дәмді балмұздақты еске түсіреді. Бұл десертті дайындау өте оңай және құрамы өте қарапайым. Осы орайда Гүлжанат Нұрышованың арнайы рецебі бойынша десерттің жасалу жолын назарға ұсынамыз.
1920 жылы американдық Кристиан Кент Нельсон қарапайым балмұздақтың бетіне шоколад құюды ойлап шығарғанда, барлығына танымал эскимо балмұздағы пайда болды. Оны алғашында "эскимо пай" деп атады.
Ал өнімге ресми түрде патент 1921 жылдың 24 қаңтарында берілді. Содан бері, бұл күн- халықаралық эскимо күні деп жарияланды. Балмұздаққа атау бере отырып Нельсон оның осыншама танымал болып, дәл сондай атаумен десерт пайда болатынын болжағанда жоқ.
Сипаттамасы:
Асхана: Еуропалық
Санаты: Десерт
Дайындалу уақыты: 5 минут
Дайындау уақыты: 25 минут
Каллориясы: бір порцияға 730 ккал
Құрамы:
Жұмыртқа - 5 дана
Қант - 250 гр
Сүтті шоколад - 200 гр
Бидай ұны - 200 гр
Қоюландырылған тәтті сүт - 280 гр
Өсімдік майы - 137 гр
Какао ұнтағы - 30 гр
Грек жаңғағы - дәміне қарай
Қопсытқыш - 1 шай қасық
Су - 100 мл
Ақ шоколад - дәміне қарай
Миндальды слайс - дәміне қарай
Фисташка ұны - дәміне қарай
Дайындалуы:
1. Жұмыртқаны жақсылап араластырыңыз
Бірінші бисквит жасап аламыз. Ол үшін таза, құрғақ ыдысқа 5 жұмыртқа салып, миксермен жақсылап араластырамыз. Масса біркелкі болғанда ақырындап қант салып, араластыруды жалғастырамыз. Қоспамыз аппақ ұлпа сияқты болғанша миксерлеуді тоқтатпаймыз.
2. Какаоны қайнатамыз
Стақанға 100 мл қайнаған ыстық су құямыз. Оған какао сеуіп, біркелкі болғанша араластырып, суығанын күтеміз.

3. Какао мен өсімдік майын қосамыз
Дайын жұмыртқа мен қантқа әуелі өсімдік майын қосып миксерлейміз. Кейін суыған какао қосып, миксердің баяу жылдамдығында араластыру керек.

4. Сұйық қоспаға ұн қосамыз
Бидай ұнын електен өткізе отырып, жұмыртқаға қосамыз. Оған 1 шай қасық қопсытқыщ қосып, миксердің орташа жылдамдығында, масса біркелкі болғанша араластырамыз. Қамыр сұйық, блины қамырына ұқсас болуы шарт.
5. Формаға қамырды құйыңыз
Пешті 180 градусқа қойып, қыздырып аламыз. Формаға қамыр жабысып қалмас үшін, алдын-ала пергамент қағазын салып қойыңыз. Дайын формаға қамырды құйып, пешке саламыз.

6. Бисквитті пісіріп аламыз
Бисквитті пеште 50 минут ұстаймыз. Ағаш таяқшамен піскен-піспегенін анықтауға болады. Ол үшін бисквиттің ортасына ағашты саламыз, егер ол құрғақ болса, бисквит толығымен піскен деп есептеуге болады.

7. Бисквитті суытамыз
Пештен бисквитті алып, бірден формадан босатып аламыз. Осылайша оның толық суығанын күтеміз.

8. Бисквитті үгітеміз
Суыған бисквитті қолмен кіші бөліктерге үземіз. Үзінділерді блендерге салып, біркелі болғанша ұсақтап алу керек. Блендеріңіз болмаса, қолмен де үгітіп алуға болады.

9. Ұсақталған бисквитті қоюландырылған тәтті сүтпен араластырамыз
Үгітілген бисквитті ыдысқа салып, үстіне қоюландырылған тәтті сүтті құйып, ағаш немесе силикон қасықпен араластырамыз. Масса біркелкі, қолға жабысатындай болуы керек.

10. Формаға келтіру
Эскимо десертін дайындау үшін арнайы балмұздақ формалары мен ағаш таяқшалар пайдаланыңыз. Олар болмаса қолмен картоп сияқты домалатып, бамбук шпажкаларын қолданамыз. Дайын болған формаларды мұздатқышқа 15-20 минутқа салып қоямыз. Қажет болса одан да көп ұстауға болады. Бастысы десерттің өз формасын ұстайтын, суық болғаны керек.

11. Шоколадты ерітеміз
Чипсы тәрізді немесе қарапайым плитка шоколад қолданған дұрыс. Оны ұсақтап стақанға саламыз. Стақанды қайнаған суға қойып, ерітеміз. Үстіне 7 гр өсімдік майын құйып, кішкене суытып алған дұрыс.

12. Дайын десертті шоколадпен әрлеу
Қатырылған десертті шоколадқа толығымен салып, пергамент қағазына кептіру үшін қойып қоямыз. Бетін миндальді слайстармен, фисташка ұнымен, грек жаңғағы немесе ақ шоколадпен безендіреміз.
Десерт - өте дәмді және кез-келген дастарханның сәнін келтіретін, әдемі болып шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/food/recipes/2019578-eskimo-desertin-qalai-daiyndauga-bolady-gulzanat-nurysovanyn-erekse-recepti/